Жол зертханасында ашық есік күні өтті

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК АОФ филалының жол зертханасында болашақ құрылысшыларға арналған ашық есік күні өтті. Әр тоқсан сайын ұйымдастырылатын акцияға Атырау энергетика және құрылыс колледжінің биыл бірінші курсты аяқтайтын студенттері қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Зертхана меңгерушісі Дәурен Кенжешовтың айтуынша, ашық есік күнінің мақсаты - елімізде кәсіби жолшылармен толыққан жол құрылысы кластерін дамытуға үлес қосу. Болашақ құрылысшылардың жол саласына қызығушылығын ояту. 

  Акцияға қатысқан студенттер зертханада топырақ, қиыршықтас, асфальтбетон, қарақиыршықтасқа жасалатын сараптама түрлерімен және заманауи техникамен танысты. 

"Дүниежүзілік ІСО-17025 стандартының талаптарына сай келетін зертханада республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысына пайдаланылатын материалдар сараптамадан өткізіледі,- дейді Д.Кенжешов.

Студенттер ғимарат ауласында жылжымалы жол зертханасы орналасқан автокөлік қызметіне қызығушылық танытты. Жылжымалы зертхана арқылы құрылыс жұмыстары аяқталған жол телімдерінің, және жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының сапасы тексеріледі екен.