Зейнетақы жинағын енді ипотека қарызын азайтуға пайдалануға болады

Енді қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ипотекалық несиенің негізгі қарызын өтеуге бағыттай алады, - деп хабарлайды AtyrauPress Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, Екінші деңгейдегі банктер зейнетақы жинақтарын қарызды пайдаланғаны үшін төленетін сыйақыны өтеуге емес, тек негізгі борышты жабуға қолданады. Яғни қаражат ішінара мерзімінен бұрын төлем ретінде емес, тікелей негізгі қарызды азайтуға жұмсалады.

Бұл өзгеріс «Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына» енгізілмек. Тиісті бұйрық жобасы 2025 жылдың 6 қарашасында «e-gov» ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланды.

Сонымен қатар, жаңа Салық кодексіне сәйкес, БЖЗҚ-дан тұрғын үйге алынған зейнетақы төлемдерінен жеке табыс салығы ұсталмайды.

 «Бұл жаңалық азаматтарға банктер алдындағы борыш жүктемесін азайтып, ай сайынғы төлемді төмендетуге немесе ипотека мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді» делінген министрліктің хабарламасында.

Осылайша, зейнетақы жинағын пайдалану енді тек баспана сатып алу немесе алғашқы жарна төлеумен шектелмей, қолданыстағы ипотеканың негізгі қарызын өтеуге де бағытталады.