Төтенше жағдай кезінде бүлінген жағалау қалпына келтірілуде

Атырау қаласындағы Жайық өзенінің оң жағалауында орташа жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жаға бекіту кезіндегі ауыр техникалардың қозғалысынан жағалаудағы граниттер мен төсемтастар бүлініп, темір қоршаулар қираған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.

-Жөндеу жұмыстары барысында қоршауларды дәнекерлеп, гранитті тастар мен төсемтастарды қалпына келтіріп, жарық шамдар орнатылады. Сондай-ақ, жүгіру жолағының резин төсемі жаңартылады. Қазір демонтаж жұмыстары жүруде, - деді қалалық әкімдіктің баспасөз-хатшысы Ғасырбек Төлегенов.

Мердігер «BS» ЖШС-гі жөндеу жұмыстарын жыл аяғына дейін аяқтайды деп күтілуде.