“Теңізшевройл” ЖШС демеушілігімен іске асып жатқан “Шектелме” жобасының ІІ лек түлектері сертификатталды. Олар әлеуметтік жоба аясында мобилография, маркетинг және графика дизайны бойынша тегін оқыды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қатысушыларға сертификат табыстаған “Теңізшевройл” компаниясының өкілі Ерлан Қасым жобаның маңызын атап өтіп, түлектерге табысты қадам тіледі.
— “Шектелме” жобасы “ТШО” компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында іске асып отыр. Былтыр курстар Жылыойдың ауылдық округтерінде өтіп, 160-тан аса жұмыссыз жас онлайн мамандықтарды меңгеріп, табыс көзін тапқан еді. Биыл да жобаның жақсы нәтиже береріне сенімдіміз, - деді ол.
Маркетинг курсын тәмәмдаған Назгүл Жайлаубаева жоба ұйымдастырушылары мен демеуші компанияға қатысушылар атынан алғыс айтты.
- Жастарға тамаша мүмкіндік берген “Шектелме” жобасына ризашылығым шексіз. Біз маркетинг курсында бизнеске талдау жасаудың қыр-сырына қанықтық. Жобаның көңілімнен шыққаны сонша, келесі лекке SMM бағыты бойынша қайта тіркелдім. Ол маркетолог ретінде өз қызметімді ұсынуыма да қажет, - дейді Назгүл.
Құлсары мен Атырау қалаларын қамтитын әлеуметтік жобаның келесі легі 4 бағыт бойынша өтеді.
- Курстарды өңірдегі төтенше жағдайға байланысты уақытша тоқтатқан едік. Жұмысты қайта жандандырып, Құлсарыдағы сабақтарды бастап кеттік. Бүгін тренерлеріміз жаңа лекке бағыттарды таныстырды. Қатысушыларымыз SMM, мобилография, таргет және графика дизайын тегін үйренеді. Бұдан бөлек, шеберлік сағаттарына қатысып, өз қызметін ұсынудың әдіс-тәсілдерімен танысады, - дейді ұйымдастырушылар.
Бұл әлеуметтік жобаның маңызын курсқа тіркелушілер санынан-ақ байқауға болады. Ұйымдастырушыларға 450-ден аса өтініш түссе, солардың 200-ден астамы іріктеуден өткен.