Сұйытылған мұнай газы қымбаттай ма?

Биыл ақпаннан бастап Атырау облысының ішкі нарығында сұйытылған мұнай газының баға өсімі жоспарланған болатын. Жоспарлы бағалар Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталында да жарияланып тұр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осы орайда, біз облыстық энергетика басқармасы басшысының орынбасары Жантас Оспанның пікірін білген едік.

– Бұйрық жобасына сәйкес сұйытылған газдың шекті көтерме бағасы тоннасына 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін (58 163,84 теңге) көтеріледі, - дейді ол. – Бұл ретте өңірлер бойынша сұйытылған мұнай газдың шекті бөлшек сауда бағалары, яғни автогаз құю бекетерінде сату бағалары белгіленген. Өңірлермен салыстырмалы кестеде көрсетілгендей газдың ең үлкен жоспарлы өсімі литріне 107 теңге көлемінде белгіленген. Соның ішінде Атырау қаласы және облыс орталығынан 200 шақырымға дейін орналасқан елді-мекендердегі автогаз құю бекеттерінде қолданыстағы литріне 59 теңгеден 77 теңгеге, ал 200 шақырымнан асқан елді-мекендердегі автогаз құю бекеттерінде қолдныстағы литріне 64 теңгеден 82 теңгеге дейінгі өсімі жоспарланды.

Мұнай газ өсімінің себептері: елімізде сұйытылған газдың бағасы өндірістің нақты құнына байланысты. Яғни, сұйытылған мұнай газын өндірушілердің шығындарының өсуіне байланысты жүргізілуде. Мәселен, сұйытылған газ өндірісінің қазіргі құны тоннасына 65-тен 75 мың теңгеге дейін құраса, ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына қазіргі уақытта 45 158 теңге деңгейінде белгіленген. Сонымен бірге, еліміздегі газ бағасы көршілес елдермен салыстырғанда ең төмен бағалардың бірі болып табылады.

Сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі 2022 жылғы 1,8 млн тонна болса, 2024 жылы 2,4 млн тоннаға дейінгі өсуі байқалды. Сонымен қатар, сарапшылардың болжамы бойынша 2025 жылы ішкі нарықтағы қажеттілік көлемі тағы 200 мың тоннаға артып, осылайша, газ тапшылығы 30-40% белгісінен асып түседі. Осы салдарынан өндіруші зауыттарда жыл сайынғы жоспарлы жөндеулерді жаңғырту және жүргізу үшін қаражат тапшылығы жинақталуда. Осылайша, Елдегі газ тұрақтылығын сақтау және мұнай өңдеу саласын жаңғыртуды ынталандыруға бағытталады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ