Республикалық әйелдер бизнес форумы өтті

Атырауда «JAS QANATTAR» атты жастар республикалық әйелдер бизнес форумы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Іскер әйелдер қауымдастығы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, табысты әйелдердің әлеуетін нығайту және олардың кәсіпкерлік жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсету бағытында нәтижелі қызмет атқарып келеді. 28 жыл ішінде ұйым қоғамдағы белсенділігімен ерекшеленді. Әйелдерді бизнеске, тартуда, олардың саяси белсенділігін арттыруда көптеген жоба жүзеге асырылған.

-Бүгінгі форумның негізі мақсаты – кәсіпкер қыз-келіншектеріміздің біліктілігін арттыру. Қазіргі таңда Іскер әйелдер қауымдастығы Жастар қанатында 300-ге жуық кәсіпкер қыз-келіншек бар. Бұл форумға басқа облыстардың көшбасшы әйелдер қауымы қатысуда, олар өз кәсібі туралы айтатын болады. Жалпы 16 облыстан 40-қа жуық кәсіпкер келіп отыр. Сондай-ақ көрме ұйымдастырылуда, оған үйде отырған кәсіпкер әйелдер өздерінің жұмыстарын әкелді,- деді Іскер әйелдер қауымдастығы «Жастар қанатының» жетекшісі Зарина Қуанышбаева.

Сонымен қатар форумда еңбек нарығында әйелдердiң бәсекеге қабiлеттiлігiн арттыруға үлес қосып жүрген бір топ атыраулық қыз-келіншек ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, форумға ҚР Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сарсембаева және еліміздің 13 аймағының және жергілікті Іскер әйелдер қауымдастықтары өкілдерінен құралған арнайы делегация, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, жергілікті атқарушы органдар басшылары, Атырау қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Іс-шара Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қолдауымен Іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен өтті.