Қазақстан Үкіметі жалпы ішкі өнімнің өсімін кемінде 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіп, экономиканың нақты секторын қолдауға шамамен 8 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында мәлімдеді. Ол Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын жүзеге асыру тетіктеріне тоқталды.
Вице-премьердің айтуынша, халықтың табысын арттыру мақсатында макроэкономикалық тұрақтылық бағдарламасы жалғасады. Сонымен қатар, негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін ЖІӨ-нің 18 пайызына дейін жеткізу көзделіп отыр.
Жоспарланған шаралар нәтижесінде халықтың нақты табысы 2–3 пайыздан жоғары өседі деп күтілуде. Бұл экономиканың тұрақты дамуына және әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал етпек.
Серік Жұманғарин экономикалық өсудің проактивті саясаты аясында жаңа өндірістік қуаттарды құруға бағытталған мемлекеттік механизм жасалатынын атап өтті. Бұл тетік жалпы қосылған құнның, экспорттық түсімдердің және еңбек өнімділігінің артуына мүмкіндік береді.
Негізгі басымдық экспортқа бағытталған және импортты алмастыратын терең өңдеу кластерлерін дамытуға берілмек. Үкімет бұл арқылы отандық өндірісті күшейтіп, экономиканың нақты секторындағы өсімді жеделдетуді көздеп отыр.
Айта кетейік, аталған шаралар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға және ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.