Өткен жылы Махамбет ауданында ауыл шаруашылығы саласында оң өсім байқалды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Ауданда 71 шаруашылық пен жеке сектор тарапынан жалпы 5 мың гектар жерге егін егіліп, нәтижесінде 78 мың тоннадан астам өнім алынды.
Бұл туралы аймақ басшысының орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен өткен аудан әкімдіктерінің есеп беру жиынында айтылды. Ақпаратты Өңірлік коммуникациялар қызметі таратты.
Аудан бойынша 218 гектарға картоп, 1000 гектарға көкөніс, 500 гектардан астамына бақша дақылдары, ал 3300 гектарға мал азықтық дақылдар егілген.
Мал шаруашылығы саласында да өсім бар. Ірі қара саны 19 мың бастан, жылқы 10,6 мың бастан асты. Ет өндіру көлемі 3,4 мың тонна, сүт 5 мың тоннадан асып, жұмыртқа өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 1,9 есеге артқан.
Кәсіпкерлік саласында екі мыңға жуық субъект тіркелген, олардың 94 пайызы белсенді жұмыс істейді. Ауданда екі мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері 39 кәсіпкерге 612,3 млн теңге көлемінде несие берілген.
Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Асхат Аймұратовтың айтуынша, былтыр ауданға тартылған инвестиция көлемі 46,8 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ 8 мың гектардан астам игерілмеген жер мемлекет меншігіне қайтарылып, суару-суландыру жүйелерін жаңғырту аясында ондаған шақырым су арналары тазартылған.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығын дамыту – аудан экономикасының негізгі бағыттарының бірі болып отыр.