Мақат ауданында 1600-ге жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр

Мақат ауданында  1600-ге жуық кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр,деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 96 пайыздан жоғары деңгейде сақталған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Ақпарат аудан әкімдігінің есептік кездесуі барысында жарияланды.

Аталған салада 2700-ден астам адам жұмыспен қамтылған, ал өндірілген өнім көлемі 11,4 млрд теңгені құраған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 29 жоба мақұлданып, кәсіпкерлерге 221,9 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Оның ішінде субсидияланған несиелер, «Іскер» бағдарламасы арқылы берілген қарыздар және 20 жобаға қайтарымсыз гранттар бар. Қолдау алған жобалардың басым бөлігі қызмет көрсету саласына тиесілі.

Мақат ауданы әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкиннің айтуынша, аудан бойынша 3 жаңа бизнес нысаны іске қосылған. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 330-дан астам тұрғын қамтылған.

Ауыл шаруашылығы саласында да оң динамика байқалады. Жалпы өнім көлемі 1,6 млрд теңгеден асып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға жоғарылаған. Төрт түлік мал саны 15 мың басқа жуықтап, 704,5 тонна ет, 987 тонна сүт және 16,9 мың дана жұмыртқа өндірілген.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында 54 кәсіпкермен меморандум жасалып, жыл бойы 50 мәрте мониторинг жүргізілген. Сондай-ақ аудан мен кенттерде 96 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

Мал азығымен қамтамасыз ету үшін жеке кәсіпкермен келісім жасалып, шөптің бір орамы 7 мың теңгеден аспайтын бағада ұсынылған. Жалпы 950 тоннаға жуық шөп жеткізілген.

Айта кетейік, Мақат ауданында кәсіпкерлікті қолдау мен ауыл шаруашылығын дамыту өңір экономикасының негізгі басым бағыттарының бірі болып қала береді.