Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, құлшынысы шексіз!

Өткен жылдың жазында Доссор ауылында аяқ киім жөндейтін шеберхана ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бүгінде қос бүйректен қымбатшылық қысқан заманда жұрт жаңа аяқ киім сатып алғаннан гөрі ескісін жөндеп, аз-мұз ақша үнемдеп қалуды ойлайды. Осындайда аталған шеберхана иесі – жас аяқ киім жөндеуші Мұхамед Қанат көмекке келе қояды.

Кейіпкеріміз еріккеннен етікші болып отырған жоқ. Өмірдің түрлі өткелдерінен өтіп, тағдырдан талай теперіш көріп келе жатқан ол қиындыққа қасқайып қарсы тұра білді. Олай дейтініміз, Мұхамед – екінші топ мүгедегі бола тұра өз отбасын өзі асырап келе жатқан арда азамат. Елімізде қайтарымсыз грант түрінде мемлекеттен қолдау көрсетілетінін естіп, мұндай мол мүмкіндікті мүлт жібермеуге бар күшін салғанын айтады отызға жетпей орда бұзған жігіт.

«Жасөспірім шағымда Доссорға Шымкенттен етікші ер азаматтар келген болатын. Әкем олармен танысып, табысып кетті. Сөйтіп, үйге шақырып, қонақ қылды.  Кейін маған «бұл кісілер ауылда жүргенде етікшілік кәсіпті үйреніп ал» дегенді айтты. Айтса айтқандай, етікшілер көп кідірмеді. Шамамен бес айдан соң үйлеріне тайып тұрды. Ал, мен болсам, әкемнің ақылын алып, олардан біраз нәрсені үйреніп қалдым.

Есейген кезімде аяқ киім жөндеумен айналысуға тырыстым. Алайда, аяқ астынан саулығым сыр бере бастады. Өкінішке орай, бәрі де жайына қалды. Әйтсе де, бұл кәсіпке деген құштарлығым мен ынта-ықыласым еш кеміген жоқ. Өзімнің жеке шеберханам болса екен деп армандадым. Бірақ, бұл жобаны жүзеге асыру үшін қалтамда қаражатым болмады. Денсаулығымды ретке келтіріп алған соң, арманымды іске асырудың амалдарын іздедім. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылсам да, алға қойған мақсатыма жетпей бір тыным таппадым» дейді ол.

Мұхамед Қанат қайтарымсыз грант туралы ең алғаш рет сайттан біліпті. Онда бәрі де егжей-тегжейлі жазылған екен. Осылайша, грант алуға үміткер ретінде арыз берген. Онысы көп кешікпей мақұлданып, төбесі көкке жеткендей қуанып, балаша мәз болған.

«Мемлекет ұсынған тамаша мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып қалғаныма дән ризамын. Бұл – біз секілді жастарға үклен көмек. Арыз толтырудың да еш қиындығы болмады. Ең бастысы, грант шын мұқтаж жанға беріледі, соған толықтай көз жеткіздім. Оны алуға бәрінің де мүмкіндігі бірдей. Тек талмай еңбектеніп, уақытпен санаспай жұмыс жасауға дайын болу керек. Менің жолым болды деуге болады. Себебі, шүкір, өзім сүйетін іспен айналысып отырмын. Әрі, аяқ киім жөндеу ісіне қазір сұраныс өте жоғары. Әсіресе, менің алдыма оқушылар көп келеді. Тапсырыс жағы әрқалай болып жатады. Кейбір күндері үш-төртеу, ал, кейде бірден он аяқ киім жөндейтін де кездер болады. Сондықтан бәріне дайын болуға тура келеді.

Грантыма оралсам, бұл қаржыға аяқ киім тігуге арналған біз, жіп, қайшы, тігін машинасы мен басқа да қажетті арнайы құрылғыларды сатып алдым. Бұл кәсіпті мен көзді жұмып қойып таңдай салған жоқпын. Шеберхана ашпас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» дегендей, жүз ойланып, мың толғандым. Жан-жақты талдау жүргізіп, бастап жатқан бизнесмнің болашағына болжам жасадым. Содан кейін ғана осындай шешім қабылдадым» дейді жас етікші.

Бұл ауылда Мұхамедке бәсекелес болатындай әзірге ешкім жоқ. Демек, сұраныс та артпаса, азаймасы анық. Ендеше, табысың тасып, шабытың шалқысын, шебер!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ