Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі кеңейтілмек, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі жария талқылауға шығарған жоба арқылы белгілі болды.
Министрліктің түсіндіруінше, бұрын бұл тізімге халық күнделікті тұтынатын 19 негізгі тауар кірген. Олардың қатарында нан, ұн, қант, күнбағыс майы, жұмыртқа, картоп, сәбіз, еттің кей түрлері және басқа да әлеуметтік маңызы бар өнімдер бар еді. Бұл тізім бойынша мемлекет бағаларды бақылап, алыпсатарлықтың алдын алады.
Енді министрлік осы тізімді кеңейтуді ұсынып отыр. Жобаға сәйкес, оған қосымша бірнеше тауар енгізілуі мүмкін. Қай өнімдер кіретіні толық жазылмағанымен, кеңейту ұсынысы халық көп тұтынатын әрі бағасы жиі құбылатын тауарларға қатысты болмақ. Қосымша тауарларды енгізу арқылы мемлекет инфляцияны тежеуді, азық-түліктің қолжетімділігін арттыруды және бағаның негізсіз өсуін бақылауды көздейді.
Айта кетейік, бұл өзгеріс Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен кеңес қорытындысынан кейін әзірленді. Құжат 19 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ