Химик күніне орай зауыттықтар марапатталды

Химия өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысшылары мен еңбек ардагерлері марапатталды.  

Салатанатты жиынды ашқан «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Абзал Досжанов отандық мұнай-химия саласын дамытуда кәсіпорын мамандарының үлесі зор екенін атап өтті. Өндірісті үш кезеңді ауқымды жаңғыртудан кейін мұнай-химия бағыты зауыт дамуының басты векторларының біріне айналды. Қазіргі таңда АМӨЗ еліміздегі бензол мен параксилол өндіретін жалғыз кәсіпорын. 

А.Досжанов ұжымға өндірістік нәтижелерге жетуде табыс тілеп,  «АМӨЗ тағылымгері» білім беру бағдарламасы аясында жас мамандарды дайындауға атсалысып жүрген зауыт ардагерлерін алғыс хатпен марапаттады. 

Бұдан бөлек іс-шара барысында жоғары кәсібилігімен ерекшеленген 30 зауыттық Атырау облысының және қала әкімінің алғыс хаттарымен, «Мұнай-газ-химия саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен, қалалық мәслихат төрағасының және АМӨЗ-дің бас директорының алғыс хаттарымен марапатталды.  

Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты.