«Халық қатысатын бюджет»: Атырауда тұрғындар ұсынысымен 40 спорт алаңы салынды

Жаңа нысандар халықаралық стандарттарға сай жабдықталып, барлық қауіпсіздік талаптары толық сақталған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Кіші футбол алаңдарына шаршы метрі 17 мың дитекст көрсеткіші бар жасанды көгал төселіп, жарық шамдары орнатылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, бұл алаңдар көпжылдық тәжірибені ескере отырып салынған. 

– Қала аумағында аула футболын дамыту жұмыстары 2006 жылдан бері үздіксіз жүргізіліп келеді. Биыл пайдалануға берілген алаңдар жиырма жылға жуық тәжірибенің нәтижесінде, бұрын анықталған барлық кемшіліктер ескеріле отырып салынды. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында Қытайдан арнайы жасанды көгалға тапсырыс берілді. Оның бір шаршы метрінде 17 мың талшық шөбі бар, бұл жабындыны қалың әрі жұмсақ етеді, – деді ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда Атырау қаласында 700-ден астам ойын және спорт алаңы бар. Олардың барлығы тұрғындардың еркін пайдалануына беріліп, халық игілігіне қызмет етуде.