Кәсіпкердің құқығы мен қауіпсіздігі – басты назарда

Атырауда тексеру жөніндегі кәсіпкерлерге арналған семинар өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, іс-шарада Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев бизнестен кері байланыс алу маңызды екенін, сұрақтар неғұрлым көп болса, кездесулер де жоғары деңгейде өтетінін атады. Сондай-ақ семинар барысында қандай жайттарға назар аудару керектігін біліп, тиісті мемлекеттік органдармен нақты пысықтайтынын жеткізді.

- 2023 жылдың 31 желтоқсанында кәсіпкерлік субъектілерін тексеру мораторийінің аяқталуына байланысты жыл басынан бері Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы жауапты тұлғаларды шақырып, кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге қатысты жүйелі түрде семинарлар ұйымдастырып келеді. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлік субъектілерінің заң бұзушылықтарының алдын алу және сол арқылы олардың қызметі мен одан әрі дамуы үшін қауіпсіз жағдай жасау. Қазірдің өзінде екі кездесу өтті, бұл үшінші кездесу. Кәсіпкерлердің пікірлеріне сүйене отырып, біз мұндай іс-шаралардың олар үшін маңызы зор екенін көріп отырмыз. Сондықтан біз мұндай кездесудерді ұйымдастыруды жалғастырамыз, - деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев.

Сонымен қатар семинар барысында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің департамент өкілдері тексеру жүргізу ережелері, мемлекеттік органдармен заңсыз тексеру фактілері болған жағдайда кәсіпкерлердің құқықтары туралы айтып өтті. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаменті мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жауапты мамандары өз салалары бойынша ақпарат берді. Мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметкерлері жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қарым-қатынасты реттейтін құқықтық нормаларды түсіндірді.

Айта кетейік, іс-шара облыстық кәсіпкерлер палатасы мен Атырау облысының іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылып отыр.