Өткен жылы Дыңғызыл ауылдық округі Жыланды, Ғ.Әліпов елді мекен тұрғындары бірнеше мәселелер көтеріп, аудан әкімі Абат Жанғалиевтің қатысуымен жиын өткен болатын, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ауыл тұрғындарының кездесуде қозғаған негізгі мәселелерінің бірі - ауылішілік жол жайында болған. Жиын барысында бұл мәселеге қатысты аудан басшысы аудандық маңызы бар ауылішілік жолдардың құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме «Атырау жолдары» ЖШС-не қолдау көрсетіп, жол құрылысы салынғанға дейін, топырақ төгіп беруін сұраған болатын.
Мердігер мекеме өкілдері ауыл ішіндегі жолдарға топырақ төсеп, уақытша қиындықтарды жоюға көмек жолдарын қарастыруға уәде еткен еді. Міне, күні кеше аталған мекеме арнайы техникаларымен келіп, елді мекендегі негізгі жолдарға топырақ төсеуде. Қазіргі кезде тұрғындардың сұранысы бойынша мердігер мекеменің демеушілігімен Жыланды ауылының Жағажай, Д.Нұрпейісова мектебі, Ә.Ысмағұлов көшелері аралығындағы батпақты жолдарға топырақ төсеу жұмыстары басталып жатыр. Бұл жұмыстарға автогрейдер, тиегіш және Шахман жүк көлігі жұмылдырылуда.
Алға қарайда қосымша тиісті техникалар келіп, қалған көшелердегі ойпат жерлерді тегістейтін болады.