Қазір халықтың 92,9%-ы интернетті пайдаланады

Цифрландыру – жай ғана сәнге айналған сөз емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, биыл Қазақстан халқының 92,9%-ы интернетті пайдаланса, 92,8%-ы компьютерлермен, смартфондармен және онлайн-сервистермен сенімді түрде жұмыс істей алған. Осындай жағдайда білім беру саласының заман талабына сай болуы айрықша маңызды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мәселен, С.Мұқашев атындағы Атырау жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы Мейрамгүл Тұқпатованың айтуынша, заманауи технологиялар оқу процесіне берік енген және педагогтердің басым бөлігі оларды түрлі форматта қолданады.

Өз тәжірибесінде ол ChatGPT, Microsoft Copilot, Deepseek, Examica және басқа да онлайн-ресурстарды пайдаланады. Мысалы, Examica платформасы тест тапсырмаларын автоматты түрде құрастыруға мүмкіндік береді – студенттер смартфондары арқылы тапсырманы оңай орындайды. Бұл оқу барысын жеделдетіп, сабақтарды анағұрлым интерактивті етеді.

Көрнекі материалдар дайындау барысында, әсіресе дайын бейнеролик болмаған жағдайда, Fliki.ai платформасы көмекке келеді. Оның көмегімен кез келген тақырыпқа арналған бейнені өзің жасауға болады.

Сонымен бірге педагог ең озық құралдардың өзі тірі қарым-қатынас пен дәстүрлі оқытудың орнын баса алмайтынын атап өтеді. Сондықтан қазіргі таңда ең тиімді формат – аралас оқыту: технологиялар мұғалімге көмек, бірақ оны алмастыру үшін емес.

Атырау облысындағы мұндай тәжірибелер бизнес пен мемлекеттік қызмет салаларын ғана емес, мектеп пен жоғары оқу орындарының күнделікті өмірін де қамтитын цифрлық экожүйенің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Аман ШАМАР