Қазақстанға атом электр станциясын салуға бірнеше ел ниет білдірген

Енді бір он жылда – 20235 жылға қарай елімізде электр энергиясын пайдалану сағатына 152,4 млрд кВт болады деген болжам бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Ал сол кезде қазіргі энергия көздерінің беретіні тозу, басқа да себептерден 135 млрд кВт-ң айналысында болмақ. Қазір электр энергиясының басым бөлігін көмір станциялары береді, 66 процент. Энергияның үздіксіз шығаратын табиғи қайнар көздердің үлесі 6 процент ғана. Ядролық энергетика электр энергиясының тұрақты және сенімді көзі. Елдің энергияға сұранысын жабуға өте қажет.

АЭС салу керек дегендегі басты аргумент осы. Негізі бейбіт атом туралы айтылғанына 30 жылдай болып қалды. Тіпті көрші мемлекетпен бірлескен мәлімдеме сияқты ишаралар жасалды. Дегенмен саяси шешім қабылданбады... Не керек, биыл референдум өтпек. Дауыс беретін күнді белгілейтін жарлық ғана қалды. Қоғам АЭС салуға қарсы емес сияқты. Бірақ алаңдайтын дүниесі барын айтады. Қай елдің салатыны, сосын қыруар қаржының жұмсалуы. Осы екі мәселе толғандырады.

Сонымен бірге ядролық сынақтардың азабын көрген елдің «Қалай болар екен?» деп уайымдайтыны, кей азаматтың сенбейтіні – табиғи реакция. Сондықтан бұл шатырынан су ағып, қабырғасы құлағанда адам өлімі болмаса, «осы ғой енді» деп күңкілдеп қоя салатын обьект еместігін түйсінген, бүтін ұлттың алдында жауапты екенін сезінген адамдар істейтін іс. Атом электр станциясын салудың мәні мен құны жайлы Раушан Сайлауқызының материалы.

Раушан Сайлауқызы, Тілші:

Телефон, планшет, компьютер, шаңсорғыш. Жіктей берсең техниканың атауы көп. Бұлардың барлығына тоқ қажет. Халықтың қалаға ағылуын, жалпы технологиялық прогресске қарасақ электр энергиясына сұраныс тоқтаусыз өспек. Оған экономикалық дамуды қосыңыз.

Мамандар электр энергиясын тұтынушылар саны жыл сайын 3 пайызға артқанын айтады. Бұлай жалғаса берсе алдағы 10 жылда ел тұрғындарының 30 пайызы жарықсыз қалуы мүмкін.

Аян Заманбеков, ҚР Энергетика министрлігі электр энергиясын дамыту департаментінің бас сарапшысы:

Министрліктің жасаған болжамды теңгеріміне сәйкес, елімізде 2030жылға таман 6,2 гигабат электр тапшылығы болады. Қолда бар қуаттылық 22 гват болса, қажеттілік 28 гигабат болады.

Оның үстіне қолда бар станциялар ескіріп барады. Елдегі электр энергиясын тарататын 222 станцияның 148-і жаңартылған энергия көздеріне тиесілі. Қалған 80-ге жуығының 65 пайызы тозған.

Ғани Мәди, ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары:

Өндіріліп жатқан электр энергиясының көбісі шамамен 70 пайыз көмірмен өндіріледі.. Қазіргі таңда олар жыл өткен сайын ескіруде. Алдағы он жылдықта бізге оларды ауыстыру қажет болады.

Негізгі тапшылық әсіресе оңтүстік аймақтарда байқалады. Алматы, Шымкент, Қызылорда, Түркістан өңірлеріне тоқ жетпейді. Өткен жылы энергия көзінің 2 млрд квТ/сағатын көрші ел Ресейден импорттауға тура келген.

Аян Заманбеков, ҚР Энергетика министрлігі электр энергиясын дамыту департаментінің бас сарапшысы

Статистика бойынша, өткен жылы бізде тұтыну 115 млрд болса, КВТ/сағатына, өндіру 112 млрд квт/сағ. Оның бірден бір себебі экономиканың өсуі жаңа өндіріс орындарының ашылуы, тұрғындардың электр энергиясын тұтынуының артуы .

Өнеркәсіп өркендеген сайын электр энергиясына деген сұраныс ұлғайып жатыр. Энергияның жетіспеушілігі әсіресе кәсіпкерлерге қолбайлау.

Саябек Сахиев, Алматы ядролық физика институтының бас директоры:

Халықпен, бизнес өкілдерімен сөйлестім. Олар мәселен құс фермасын салғысы келеді. Оған жылына 20 мегават электр энергиясы қажет. Ондай жоқ.

Елдегі электр қуатының 66 пайызын көмір станциялары өндіреді. 22 пайызы газ болса, қалғаны гидростанция мен жаңартылған энергия көздерінен алынады.

Арман Қашқынбеков,Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры:

Өткен жылы жаңартылған энергия көздерінің үлесі 6 пайызға жетті. Соңғы 10 жылда өсім бар деп айтсақ болады. 2030жылға дейін бұл көрсеткішті 15 пайызға жеткіземіз деп отырмыз.

Алмаз Әбілдаев, Энергетика саласының сарапшысы:

Күн мен желде стабильность жоқ. Біздің мемлекет те плюс 40, минус 40 тұрамыз. ондай эспериментпен ойнау қиын бізге.

Ал әлем елдері қазір көмірден бас тартып жатыр. Өйткені қоршаған ортаға зияны, климаттың өзгеруі, адам денсаулығына залалы секілді бірнеше фактор ықпал етіп отыр. Қазақстан да дүниежүзінің 197 елімен бірге көмір бейтараптығына көшу жөнінде Париж келісіміне қол қойғаны белгілі.

Талғат Темірханов, ҚР Электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы:

Көміртекті генерациялар болашақта қымбаттай береді. Оның үстіне бұл салаға инвестор тарту қиын. Әрі әлемдік деңгейде шекаралық көміртегі салығы қымбаттай түспек. Осы факторларды ескере отырып, Қазақстан АЭС салу туралы бастаманы қолға алды.

Жаңартылған энергия көздері тұрақты емес. Газ тапшы. Көмір зиян. Осындай бірнеше факторды ескерсек, электр энергиясының дағдарысы жылдан жылға өспесе кемімейді. Ал АЭС салу мәселесі күні кеше қаузалған тақырып емес. 1997 жылдан бері айтылып келеді. Экономиканы ілгерлету үшін Қазақстанға тұрақты энергия көзі қажет. Осылай деген Президент те жуырда Үкіметке тапсырма берді. Енді нақты шешім шығаратын сәт те жақындаған секілді. Үкімет АЭС салу бойынша референдум өткізуге қатысты қаулы қабылдады.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика Министрі:

Қазақстанның энергияға тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін жалғыз дұрыс шешім –АЭС салу мәселесі. Қазір АЭС-ке тең келетін балама жоқ.

Әлем бойынша 31 елде 450-ге жуық реактор жұмыс істеп тұр. Тағы 54-і салынып жатыр. Көш басында АҚШ (92), Франция (56), Қытай (57) , Жапония (33)Үндістан (22), елдері тұр. Мәселен, Франция электр энергиясының шамамен 75 пайызын атом электр станцияларынан алып отыр. Артылғанын Еуропа елдеріне экспорттап, жылына 3 млрдтан астам табыс табады.

Томас Ридель, Бразилияның ядролық энергия бойынша ұлттық комиссияның ғылым және техника жөніндегі аға сарапшысы:

Мұндай станциялар елдегі индустриализациялау мүмкіндіктерін арттырады Және жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Бразилия бұл жағынан тәжірибелі. Әрі ядролық отынмен өзін-өзі қамтамасыз ететін елге айналды.

Алмаз Әбілдаев, Энергетика саласының сарапшысы:

Кеше мысалы Беларусия екі атом станциясын соқты. Екі реактор. Соңғысын 2023 жыл қабылдады. 40 процент газ бен мазутты алып тастады. Ауа таза.

АЭС салу мәселесі еліміздің өңірлерінде қоғам талқылауынан өтті. Халық пікірі біржақты емес екені жасырын емес. Дегенмен жуырда стратегиялық зерттеу институты жүргізген сауалнамаға сәйкес халықтың 53 пайыздан астамы станция салуды қолдап отыр.

Ал сарапшылардың кейбірі АЭС салынса электр энергиясының құны шарықтап кетпей ме деген алаңдаушылығын білдірді.

Арман Қашқынбеков, Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының төрағасы:

Атом электр станциясын салу мәселесін энергия көздерінің альтернативасы деп қарауға болады. Бірақ барынша зерттелу керек. Есебін жүргізу керек. Халық кейін электр ақысына қанша төлейді. Қымбаттап кетпей ме? Сондықтан бұл сұрақты жақсылап саралау керек. Мүмкін үлкен, алып станса емес, Өзбекстан сияқты шағын реакторлар таңдау керек.

Технологияның өркендеген шағында реакторлар да жаңартылып, барынша қауіпсіз етіп шығарыла бастады. Яғни, қазіргі АЭС қондырғылары бұрынғымен салыстыруға келмейді. 3, 3+ 4-буынды реакторлар.

Саябек Сахиев, Алматы ядролық физика институтының бас директоры:

Суткасына 24 сағат, аптасына 7 күн электр энергиясын өндіріп беріп тұратын тек қана атом электр станциясы. Ол да күн энергиясы сияқты жасыл энергетика, ешқандай көмір қышқыл газын бөліп шығармайды. Әрі әлемдегі ең арзан. Ол бірінші кезекте өндірісті, экономиканы арттырады.

Қазақстанның атом энергетика саласында тәжірибесі де жоқ емес. Бір емес, бірнеше ядролық зерттеу институтының базасындағы реакторлар 60 жылдан бері қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Жанат Байғазинов, Радиобиолог:

Қазақстанда үш зерттеу реакторы бар. Екеуі Курчатов қаласында, біреуі Алматыда. Одан басқа ВН350 деген атом электр стансиясы болды. Ол кезде ондай атом электр стансасы әлемде жоқ еді. Яғни Қазақстан мамандары осындай 4 үлкен ядролық кешенде жұмыс жасады. Жасап жатыр да. Мына үш реактордың АЭСпен салыстырғанда ешқандай айырмашылығы жоқ.

Қазақстанға атом электр станциясын салуға бірнеше ел ниет білдірген. Олардың қатарында Франция, Қытай, Оңтүстік Корея және Ресей бар. Әзірге әр мемлекеттің тәжірибесі зерттеліп жатыр.

Пьер-Поль Антениссенс, «EDF» Компаниясының Орталық Азиядағы бас директоры:

Францияда энергияның 75 пайызы ядролық энергетикадан алынады. Біздің басты мақсатымыз – саладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ядролық энергетика қалдық шығармайды. Сондықтан Еуропалық одақ оны жасыл энергетика көзі ретінде таныды. Біз жергілікті қазақстандық мамандармен жұмыс істеп, қолдау көрсетуге дайынбыз.

Ли Ю Донг, Қытай ұлттық ядролық корпорациясы төрағасының орынбасары:

Бізде бас-аяғы 57 АЭС жұмыс істеп тұр. 47-сі тағы салынып жатыр. 30-40 жыл бойы үздіксіз салдық. Тиімділігін көріп келеміз.

Атом электр стансасын кімдер салатыны, қайда салатыны қазір көптің көкейінде жүрген маңызды сұрақ. Әзірге белгілісі, локация таңдалған. Алматы облысы, Жамбыл ауданынан қарасты Үлкен ауылының маңында Балқаш көліне жақын жерде бой көтеруі мүмкін.

Саябек Сахиев, Алматы ядролық физика институтының бас директоры:

Балқашты таңдап отырған себебі – ол Балқаштың суы үшін емес. Ол тоғыз жолдың, электр желісінің торабы. 50 пайыз қазақстандықтар осы өңірде тұрады. Солтүстіктен оңтүстікке жеткізу үшін өтетін торап сол жерде. Сол жерге салса оңтүстік өңірді қамтамасыз етеді.

Атом электр станциясы бой көтерсе қуаты 2,8 гигабайт болады. Министрлік өкілдері екі энергоблок салу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Нәтижесінде Оңтүстік өңірдегі энергия тапшылығы түбегейлі шешіледі.

Ғани Мәди, ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары:

Екі энергоблокка 10-12 млрд доллар ақша қажет болады. Оның барлығы салатын елмен қосымша қарастырылады.

Егер атом электр станциясы салынса құрылыс жұмыстарына 8000 адам қажет. Тағы 2000-ы тұрақты жұмыс істемек. Осы орайда осынша маман бар ма?-деген заңды сауал туындайды.

Ерлан Қожахметов, ШҚО Университетінің ұстазы:

10 жылдың ішінде біз жоқ мамандарды тәрбиелеп, жаңа мамандар өсіре алатын уақытымыз бар. Қай елдің тәжірибесін қолданамыз, сол елде біліктіліктерін арттыру мәселесін қолға алу керекпіз.

Раушан Сайлауқызы, Тілші:

Мінекей менің қолымда уран таблеткалары. Бұл өзіміздің Өскеменде өндірілетін отандық өнім. Егер АЭС салынса дәл осы уран таблеткалары станцияның негізгі ядролық отынына айналады. Мәселен, мынадай таблеткалар станциядағы арнайы құрылғыға салынады. Бірнеше кезеңнен соң электр энергиясы өндіріледі.

Қазақстан уран қоры бойынша дүниежүзіндегі лидерлердің бірі. Соңғы зерттеулерге сай, 1 млн тонна қоры бар. Егер атом электр станциясы салынса ураннан дайындалатын мына тырнақтай таблеткалар көмірдің орнын алмастырады.

Әсет Махамбетов, «Қазатом» Өнеркәсіп ҰАК Ядролық отын циклі жөніндегі басқарушы директоры:

Дайын ядролық отынды қазіргі таңда біз дайындап жатырмыз. Яғни уранның таблеткалары және жылу бөлгіш құрамалары. Қазақстанда АЭС салынса ядролық отынды дайындауға дайын.

Мамандар егер отандық уран таблеткаларын пайдаланса, бұл керісінше электр энергиясының құнын төмендетеді деп топшылайды. Тағы бір айта кетерлігі, АЭС-нан шыққан қалдықтар қоқысқа айналмайды. Оны қайтадан отын ретінде пайдалануға болады. Егер АЭС салу жөніндегі бастама қолдау тапса, 2035 жылы пайдалануға беріледі деген болжам бар.

Раушан Сайлауқызы, Тілші:

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың айтуынша, Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Ал құрылысқа бөлінген қаржы талан-таражға салынбай, мақсатты игеріледі дейді. Өйткені жобаның құрылысын бастан-аяқ мемлекет қана емес, халықаралық ұйымдар да қатаң бақылауда ұстайды.Сонымен елімізде АЭС салына ма жоқ па деген сауал күн тәртібінде тұр. Соңғы шешімді күзде өтетін референдумда халық қабылдайды. Нақты қай күні туралы Жарлық келесі аптада шығып қалар