Қазақстанда газ қымбаттайды

Елімізде газдың көтерме бағасы 3-4,8 теңгеге өседі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы atr.kz мәлім етті. Республика Энергетика министрлігі ішкі нарыққа тауарлық газдың шекті көтерме бағасы туралы бұйрыққа түзетулер әзірлеуде. Бұл құжат бойынша, бірінші шілдеден бастап көтерме бағаларды түзету жоспарланған. Бұйрық жобасында бағаны өңірлерге байланысты бір текше метрге 3-4,8 теңгеге көтеру қарастырылған, бұл республика бойынша орташа есеппен бір текше метр үшін 23,64 теңгені құрайды. Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда газдың бағасы мың текше метріне 20 640 теңгені құрап отыр, бұл баға 35 мың теңгеге жететін көршілес Ресеймен салыстырғанда айтарлықтай төмен.

– Газ бағасын көп уақыттан бері төмендетіп ұстаудың нәтижесінде бірқатар облыста – Қызылорда, Ақтөбе және Атырауда газдың өзіндік құнының ағымдағы бағадан 150-200%-ға жоғары болуына әкелді. Ал бұл жағдай өз кезегінде отандық газ өндіру потенциалының төмендеуіне әсер етті. Бағаның төмен болуы газ саласын инвестиция үшін тартымсыз етеді, бұл өндірістің қысқаруына алып келеді және импорт есебінен өтелуі тиіс газ тапшылығына қауіп төндіреді, – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Сала мамандарының айтуынша, бағаның көтерілуі тұтынушыларға әсер етеді деп күтілуде. Жеке үйлердің шығыны айына орта есеппен 1080 теңгеге, пәтерлер үшін 130 теңгеге өседі.

Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі