2025 жылдың жалпы қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі өнімі 6,5%-ға артты, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректерінде айтылды. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканы әртараптандыруға арналған жүйелі шараларды іске асырып келеді. Соның нәтижесінде өткен жылы экономикалық өсімге көлік, құрылыс және сауда салалары негізгі үлес қосты.
Өнеркәсіп өндірісінің индексі 7,4%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім байқалып, бұл көрсеткіш 6,4 пайыз деңгейінде қалыптасыпты.
Атап айтқанда, азық-түлік өндірісі 8,1%-ға, мұнай өңдеу 5,9%-ға, химия өнеркәсібі 9,8%-ға, машина жасау саласы 12,9%-ға өсті. Өсім еліміздің бірқатар өңірінде, соның ішінде Атырау облысында да тіркелді.
Көлік және қоймалау саласында өсім 20,4%-ға жетті. Бұл автомобиль және теміржол арқылы жүк тасымалының артуымен, сондай-ақ жолаушылар тасымалы көлемінің ұлғаюымен байланысты. Қосымша көлік қызметтері мен логистикалық инфрақұрылым да оң серпін көрсетті.
Құрылыс саласында өсім 15,9%-ды құрады. Нәтижесінде 2025 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 20,1 млн шаршы метрге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5,1%-ға артты. Бұл көрсеткіш әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың белсенді салынуымен байланысты.
Сауда саласы да өсім көрсетті – 8,9%. Оның басым бөлігі көтерме саудаға тиесілі. Ауыл шаруашылығында өсім 5,9% болып, өсімдік және мал шаруашылығы салаларында оң динамика сақталды. Ал ақпарат және байланыс саласында өсім 3,6%-ды құрады.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі салалардың барлығында дерлік тұрақты өсім байқалып, ел экономикасының жалпы даму қарқынының жоғары екенін көрсетті.