Исатай ауданының Өркен, Қаратүбек, Томан ауылдарында жүріп жатқан жұмыстар тамызда пайдалануға беріледі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, Өркен ауылындағы құрылыс учаскесінің басшысы Болат Мұфтаховтың айтуынша, құрылыс аяқталған соң, ауыл тұрғындары таза ауыз сумен толық қамтылады.
⁃ Жұмыстар өткен қыркүйекте басталды. Нысанды биыл тамызда тапсыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта жұмыстың 85%-ы аяқталды. Сорғы стансасы мен өткізу бекеті күрделі жөндеуден өтті, бетон шарбағы ауыстырылды, аулаішілік 1,3 шақырым кірме су желісі жүргізілді. 300 текшеметр екі резервуар, 150 текшеметр бір резервуарды монтаждау жұмыстары аяқталды. «Қиғаш-Манғышлақ» магистральдық желісінен 2200 шақырым су құбыры тартылды. Қазіргі уақытта теміржолды қиып өту үшін су желісіне рұқсат қағаздары алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл қондырғы тәулігіне 721 текше метр су тазалайды,- деді Б.Мұфтахов.
Аққыстау ауылындағы Қаратүбек су тазарту қондырғысын қайта жаңғырту жұмыстары 90%-ға бітіп тұр. 500 текшеметр резервуар жөнделіп, іске қосылды. 1000 текшеметр резервуар тұндырмаға ауыстырылды, құдықтар монтаждалып, аулаішілік су желісіне қосылды. Сонымен қатар жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Флотация және хлоратор қондырғыларына, тазалау қондырғысы мен сорғыларды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мұнай құбырынан алыс байланыс желілерінен қиып өтуге келісім алынып, 1 шақырымдай кірме су желісін жүргізуге дайындалуда. Мердігер мекеме «Ақмешіт-Мелиоратор» ЖШС жобаны осы айда тапсыруды жоспарлап отыр. Мұнда тәулігіне 2618,86 текше метр су тазаланады. 1500 мм-ден 15 су құдығы бар.
Ал, Томан елді мекеніндегі су тазарту қондырғысы іске қосылғанда тәулігіне 83,21 текше метр су тазалайды.
Онда сыйымдылығы 300 текше метрлік және қосымша 50 текше метрлік техникалық су қоймасы салынады. Мердігер мекеме жоспарына сәйкес мұндағы жұмыстар тамызда аяқталады. Қазіргі уақытта нысанның шарбағы орнатылып, электр желісі тартылды.