Исатай ауданы Қамысқала ауылдық округіне Орал қаласынан 39 тонна мал азығы жеткізілді. Тартылған ақ бидай жемі шаруаларға бір килограмы 104 теңгеден сатылуда, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қамысқала ауылдық округінде 728 отбасы бар, оның ішінде 204 үй мал ұстайды. Сонымен қатар округте 70 шаруа қожалығы тіркелген. Ауыл әкімі Рафиғат Тажиденованың айтуынша, жем-шөп барлық тұрғындарға жеткілікті болуы үшін шаруа қожалықтарына 20 қаптан, ал жеке тұрғындарға 5–10 қап көлемінде сатылуда.
- Мал азығын жеткізу жұмыстарына «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы мен «ПотенциалОйл» компаниясы арнайы техника және жанар-жағармай жағынан қолдау көрсетті. Бүгінде кебек жемнің бір килограмы 120–130 теңге аралығында сатылып отыр. Ал ақ бидай жемінің құнарлылығы жоғары әрі бағасы қолжетімді. Әр қабы 25 килограмм тартатын жем 2600 теңгеден ұсынылуда. Қамысқала ауылдық округіне жеткізілген мал азығы қоры Тұщықұдық және Аққыстау ауылдық округтерінің тұрғындарына да сатылады, - деді Р. Тажиденов.
Сонымен қатар жем-шөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында тиісті бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Алдағы қысқы маусымдарда ауа райының қолайсыздығы туындаған жағдайда елді мекендерде резервтік мал азығын сақтауға арналған ангарлар мен арнайы орынжайлар дайындау мәселесі де назарға алынуда.
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ