Ағымдағы жылдың 16 сәуірінен бастап Индербор кенті, Д.Қонаев көшесі №14 "а" мекенжайында орналасқан әкімшілік ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Аталған жұмыстар үш ай мерзімге жоспарланып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аудан әкімдігінен білгеніміздей, қазіргі уақытта ескі құрылымдарды бөлшектеу (демонтаж) жұмыстары толығымен аяқталып, ғимараттың төбе жабындарын орнату және терезелерін ауыстыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары кезінде ғимараттың ішкі және сыртқы келбеті жаңартылып, инженерлік коммуникациялық жүйелерді (жылу, жарық, су, кәріз) толықтай жаңғыртылады. Жобаның мердігері ретінде «Тенгиз Транс Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын бекітілген техникалық талаптар мен мерзімге сәйкес жүзеге асыруға жұмыстануда. Күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін әкімшілік ғимарат тұрғындарға заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін болады.
Ал, Көктоғай ауылынан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Мердігер мекеме - "ARSM" ЖШС. Құрылыс ұзақтығы 8 айды құрайды. Құрылыс жұмыстары жұмыс өндірісінің кестесіне сәйкес жүргізілуде.
Амандық АБДОЛ