Индер ауданы Индербор кентінде автомобиль мен жаяу жүргінші жолдарын салу және қайта жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жобалар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Мердігер мекеме — «Монолит Дизайн — 2030» ЖШС. 2024 жылдың шілдесінде басталған құрылыс жұмыстары аясында Шығыс шағын ауданына 5 шақырым жаңа жол салып, кент ішіндегі жалпы ұзындығы 10,4 шақырымды құрайтын жолдарды қайта жаңғырту көзделген.
- Бүгінгі таңда Индербор кентіндегі 36 көшенің 24-інде құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде. Оның ішінде алты көшеге қиыршық тас төселіп, қалған 18-інде жол қабаты тегістеліп жатыр. Шығыс шағын ауданындағы барлық көшеге қиыршық тас төселді. Енді бұл көшелерге жақында асфальт жабындысы төселеді,- деді Индер аудандық ТҮКШ, ЖК, АЖ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Асылбек Қайыржанов.
Сәуле МАҒАУ