Ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралады

Қазақстанда халықтың табысын арттыруға бағытталған жаңа шаралар қолға алынбақ. Үкімет отырысында макроэкономикалық тұрақтандыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға арналған бірыңғай бағдарлама таныстырылды.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, - деп хабарлайды AtyrauPress КазИнформ-ға сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, алдағы жылдары жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағдарламалары жалғасын табады. Әсіресе экономикалық белсенділігі төмен өңірлерге басымдық берілмек. Әлеуметтік төлемдердің ашықтығы мен әділдігін арттыру үшін цифрлық технологияларды кеңінен қолдану жоспарланып отыр. 2027-2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі де күн тәртібіне енгізілмек. Ал 2026-2028 жылдары халықтың нақты табысы жылына кемінде 2–3 пайызға өседі деп күтілуде.

Серік Жұманғарин квазимемлекеттік секторды оңтайландыру жұмыстары жалғасатынын айтты. 2026 жылдың соңына дейін жаңа квазимемлекеттік компаниялар құруға мораторий күшінде болады. Биыл Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аяқталуда. Сонымен бірге баланстық құны 2 трлн теңгеден асатын 500-ге жуық мемлекеттік нысанды қамтитын жаңа тізім дайындалған. Олар үш кезеңмен оңтайландырылмақ. Сондай-ақ «Қазақтелеком» мен «Qazaq Green Power PLC» компанияларының акцияларын IPO/SPO-ға шығару жоспарда бар.

Министрдің айтуынша, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау үшін Үкімет пен Ұлттық банк ақша-кредит және бюджет саясатын үйлестіреді. Бағдарламаның ең басты нәтижесі – халық табысының өсуі. Жаңадан қабылданған шаралар экономиканың тұрақтылығын күшейтуге, қаржылық орнықтылықты арттыруға және орта мерзімде тұрақты әрі сапалы өсімге мүмкіндік береді деп күтілуде.