«Болашақ» қызметкерлері Қатарда жұмыс жасап жүр

Теңіз жұмысшылары Катарда қызмет етіп, облыстағы жұмыссыздық мәселесін шешуге үлес қосуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, CHI – мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсететін 100% қазақстандық компания. Бұл салада 15 жылдық тәжірибесі бар. Компания қызметкерлері алғаш рет 2022 жылы Қатар мемлекетіне барып, мұнай-газ нарығындағы перспективалды жобалармен танысып, зерттеп келген. Кейін CHI Қазақстанның Таяу шығыстағы ең маңызды серіктесі ретінде есептелетін мемлекеттің нарығына кіру үшін бірқатар жұмыс атқарған

- Компанияны тіркеу 8 айға созылды, процесс оңай болған жоқ. Құжаттаманы Qatar Gas және Qatar Energy сияқты ірі компаниялардың талаптарына сәйкес стандарттау қажет болды. CHI клиенттердің барлық сұраныныса сәйкес барлық талапты орындап, тексеруден өтті. Осылайша тендерге қатысуға мүмкіндік алдық, - деді CHI компаниясының коммерциялық директоры Олжас Сұлтанов.

Қазақстандық компания басшыларының айтуынша, алғашқы тендерді ұтып алу үшін 1 жылдан астам уақыт кеткен. Жұмысшылардың мобилизациялау арқылы «Теңізшевройл» компаниясының «Болашақ» кеңейту жобасында қызмет еткен мамандар Қатар елінде жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

Қазіргі уақытта компанияның 12 атыраулық қызметкері Қатар елінде жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта олардың қатарын көбейту жоспарланып отыр.

- CHI компаниясы алдағы уақытта Қатар мемлекетінде жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің санын арттыруды көздеп отырмыз. Әрине, оған уақыт пен қаржы керек. Осы орайда қолға алған бастамамыздың нәтижелі болуына қолдау көрсеткен Атырау облысы әкімдігі мен Қазақстанның Қатардағы елшілігіне ризашылығымызды білдіреміз,-деді Олжас Сұлтанов.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес-қауымдастық өкілдерімен өткен кездесулердің бірінде «Болашақ» кеңею жобасының аяқталуына байланысты мұнай сервисі саласының 10 мыңдаған қызметкері жұмыстан босатылатынын айтқан еді. Сондай-ақ ол қазақстандық мамандарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуетті перспективалы елдер Катар және Сауд Арабиясы екенін атап өтті.

Сәуле МАҒАУ