Биыл Атырау облысының экономикасы 14,7 пайызға өсті

Атырау облысында 2025 жылдың қаңтар-қазан айлары бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша өсім тіркелді. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының АОД басшысы Нұржан Құмарғалиев брифингте мәлімдеді,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Облыста жалпы өңірлік өнім көлемі өсіп, экономиканың негізгі қозғаушы күші болып отырған өнеркәсіп саласы жақсы нәтиже көрсетті. Мұнай-газ секторындағы өндіріс артып, жыл басынан бері 52 млн тоннадан астам мұнай және 29 млрд текше метр газ өндірілді.

Өнеркәсіптегі өсім өткен жылмен салыстырғанда 18,6 пайызға артқан. Электр және жылу өндіру салаларындағы көрсеткіштер де жоғарылаған.

Ауыл шаруашылығында да жақсы нәтиже бар. 10 ай ішінде сала 117 млрд теңгенің өнімін өндірді. Құс шаруашылығы қарқынды дамып, жұмыртқа өндірісі екі есеге жуық артты. Мал саны да, егіс көлемі де өскен.

- Экономикадағы бұл өсім бір ғана бағыттың емес, бірнеше саланың қатар дамуының нәтижесі. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда және көлік салаларындағы көрсеткіштер өңірдің тұрақты дамып келе жатқанын дәлелдейді, — деді Н.Құмарғалиев.

Ал құрылыс саласындағы көрсеткіштер төмендеген. Бұл кейбір ірі жобалардың аяқталуына байланысты болып тұр. Соған қарамастан тұрғын үй құрылысы тоқтаған жоқ: 10 айда 558 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді.

Инвестициялар көлемі 1,2 трлн теңгені құрап отыр. Қаражат негізінен өнеркәсіп пен көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Сауда саласы да тұрақты өсім көрсетіп, бөлшек сауда көлемі 504 млрд теңгеге жетті.

Көлік саласында жүк тасымалы көбейді. Тасымалданған жолаушылар саны да 13,6 пайызға артқан. Байланыс қызметтерінде интернет пен цифрлық технологияларды пайдалану артып келеді.

Туризм саласында қозғалыс байқалады. Жыл басынан бері өңірге келген қонақтар саны 18 пайызға артқан.

Облыс халқының саны 714 мың адамға жетті. Табиғи өсім сақталғанымен биыл туу көрсеткіші аздап төмендеген. Көші-қон бойынша аймақтан кетушілердің саны келгендерден көп.

Баға өсімі бойынша негізгі өзгерістер азық-түлік тауарларында байқалады. Әсіресе, ет пен жұмыртқа бағасы инфляцияға әсер еткен.

Брифинг соңында департамент басшысы биыл өткен Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының 20 қазанда республика бойынша толық аяқталғанын атап өтті. Өңірімізде санаққа 57 мыңға жуық үй шаруашылығы және 4 мыңнан аса ауылшаруашылық құрылымдары қатысып, ауыл шаруашылығы саласына қатысты маңызды деректер жиналды. Алдын ала мәліметтер жыл соңына дейін жарияланады.