Атыраулық кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер бар?

Атырау кәсіпкерлері «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруды талқылады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, өткен жылы Атырау облысында «Ауыл аманаты» аясында 1,5 млрд теңге сомаға 192 жоба қаржыландырылды. Аудандар арасында Құрманғазы (36 жоба), Индер (35 жоба) және Махамбет (30 жоба) көш бастап тұр. Атырау қаласы бойынша өткен жылы 150,9 млн теңгеге 18 жоба қаржыландырылды. Алайда, осы жылы қала маңындағы ауылдық округтердің кәсіпкерлері жобаға қатыса алмайды.

- Өткен жылы аталған жоба аясында жақсы жұмыс жүргізіліп, облыс бойынша 1,5 млрд теңге игерілді. Көптеген кәсіпкерлер көмектесе алды. Мақат (8 жоба) және Исатай (13 жоба) аудандарында төмен көрсеткіштер, бірақ осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Биыл жоба жалғасады, алайда мұнда бір проблема туындады. Нақтылай айтсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің нұсқамасына сәйкес қала маңындағы ауылдық округтердің кәсіпкерлері жобаға қатыса алмайды. Мен бұл шартпен келіспеймін, сондықтан оларды жобаға қатыстыру үшін үміткерлердің құрамына қосуға ұсыныс енгізуді сұраймын, - деп атап өтті Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Қаршыға Джаумбаев.

Жиында қазіргі жағдайды түсіндіру үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Тілекқабыл Губайдуллинге сөз берілді.

- Өткен жылы біз әрбір округ бойынша скрининг жүргіздік. Атырау облысының 68 округі бойынша ақпаратты Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдадық. Нәтижесінде, ведомствоның шешімі бойынша биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаржыландыру тек 61 округ бойынша беріліп, қала маңындағы ауылдық аумақтар бұл тізбеге кірмеген. Министрлік бұл шешімнің «Әкімшілік аумақтық бөлініс туралы» ҚР Заңы шеңберінде қабылданғанын түсіндірді, өйткені жоғарыда аталған жоба ауылдық аумақтарға арналған. Бүгінгі таңда 61 округ бойынша 83 жоба анықталды. Оларға 760 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Біз 900 млн теңге сомасына қосымша бюджеттік өтінім жібердік, өйткені осы жылы 1,7 млрд теңгені игеруді жоспарлап отырмыз, - деді Т.Губайдуллин.

Оның айтуынша, өткен жылы жобалар негізінен мал шаруашылығы саласында болған, сондықтан биыл олардың саны жалпы санның 50% -нан аспауы керек деген міндет қойылған. Бұл жолы кооперация мен өнімді қайта өңдеу саласындағы жобаларға басымдық беріледі.

Өңірлік кеңес мүшелері «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресовке түсініктеме беруді сұрады. Ол мұндай шешім ауыл тұрғындарын жан-жақты қолдау мақсатында қабылданғанын атап өтті.

Абдолла Идресовтің айтуынша, қалалық кәсіпкерлерде мемлекет тарапынан қолдаудың көптеген құралдары бар, ал «Ауыл аманаты» жобасы тікелей ауыл тұрғындары мен ауылды дамыту және халықты тарту үшін әзірленген. Дегенмен, кәсіпкерлер қашан да бұл шешімді қайта қарау туралы ұсыныс жасай алады.

Кездесу соңында Қаршыға Джаумбаев бұл мәселені оң шешу мақсатында одан әрі көтеруге ниетті екенін атап өтті. Оны аймақтық кеңестің басқа мүшелері де қолдады.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты - ауыл халқының табысын арттыру. Ол бойынша шағын несие беру мерзімі 5 жыл. Мал шаруашылығы саласындағы бастамалар үшін 7 жыл көзделген. Шекті сома – 2,5 мыңнан 8 мың АЕК дейін. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды.