Атырау қаласындағы «Назар» жеке кәсіпкерлігі ортопедиялық матрас өндіретін цехтың жұмыс ауқымын кеңейтіп келеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жалпы аумағы 1100 шаршы метрді құрайтын өндіріс орнында күніне 30-40 дана матрас шығарылады. Қазіргі таңда мұнда 5 қызметкер жұмыс істейді. Кәсіпорын мамандарды сырттан тартпай-ақ, кадрларды өз ішінде оқытып, дайындайды.
– Қазір біз 45-тен астам түрлі матрас ұсынамыз. Әр адам өз қажеттілігі мен денсаулығына сай таңдай алады. Шикізаттың бір бөлігі – отандық, қалғаны – Қытайдан. Басты басымдық – сапа. «Даму» қоры арқылы төмен пайызбен несие алып, өндірісімізді кеңейттік. Ендігі мақсат – жаңа станоктар сатып алып, жиһаз цехын дамыту, – деді кәсіпкер Айнұр Төрежанова.
Бастама «2021–2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жүзеге асып, мемлекеттік қолдау ретінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі қолданылды.
Бүгінде «Назар» өнімдері Атырау қаласы бойынша саудаланып, тапсырыс берушілер қатарын мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлер құрап отыр. Кәсіпорын жыл сайын «Даму» қорының қолдауымен «Ұлттық өнім» көрмесіне қатысады. Сонымен қатар «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрмесінде «Үздік халық тұтынатын тауар» номинациясын жеңіп алған.