Атыраудан республикалық бюджетке аударылатын қаражат көлемі артады

Қоғамдық кеңесте облыстың алдағы үш жылдағы бюджет жөніндегі деректер жарияланды. Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиеваның айтуынша, республикалық бюджетке аударылатын қаражат көлемінде өсім бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

2026 жылы орталық бюджетке 262,4 млрд теңге жіберіледі. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 84,3 млрд теңгеге көп. 2027 жылы бұл көрсеткіш 237,9 млрд теңге, ал 2028 жылы 278,9 млрд теңге болады деп жоспарланған.

 «Атырау - донор өңір. Экономиканың белсенділігі жоғары болған сайын, басқа аймақтарды қолдауға бөлінетін қаражат та артады. Бұл – ел ішіндегі теңгерімді саясаттың бір бөлігі» деді басқарма басшысы.