О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінде ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи технологияларға арналған халықаралық семинар-презентация өтті. Іс-шара ғылым, өндіріс және мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, мал азығын дайындаудың тиімді әдістерін кеңінен таныстыруға бағытталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Семинарда Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайында, әсіресе қуаңшылық аймақтарда мал шаруашылығын сапалы жем-шөппен қамтамасыз етудің маңызы кеңінен айтылды. Қатысушыларға Пермь өлкесіндегі «Краснокамский» жөндеу-механикалық зауыты ұсынған сенажды желілік әдіспен дайындау технологиясы таныстырылып, оның өндіріс тиімділігін арттырудағы артықшылықтары көрсетілді.
– Сенаж технологиясы жаңа орылған шөпті сол күні пленкаға орап сақтауға мүмкіндік береді. Бұл малды жыл бойы сапалы азықпен қамтамасыз етіп, салмақ қосу мен сүт өнімділігін арттыруға, сондай-ақ шаруашылық табысын көбейтуге сеп болады. Сонымен қатар жем-шөп шығыны азаяды. Құрғақ аймақтарда арнайы шөп сорттары қолданылса, суармалы жерлерде, мысалы, люцерна өсіруде де бұл әдіс тиімді, – деді зауыт директоры Дмитрий Теплов.
Семинар бағдарламасы аясында тәжірибелі мамандардың баяндамалары тыңдалып, заманауи ауыл шаруашылығы техникасының мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ сала өкілдері өндірістік үдерістерді оңтайландыру жолдарын талқылады.