Атырауда шағын индустриялық аймақтар құру жоспарланып отыр

Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы, «Petrocouncil» мұнай-газ саласындағы стратегиялық серіктестікті дамыту кеңесі және «KPI» ЖШС өкілдерімен бірлескен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Меморандум аясында шағын индустриялық аймақтар құру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға серпін беріп, өңірлердің индустриялық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Бұл мұнай химиясының дамуын жеделдетіп, өңдеу арқылы химия өнеркәсібінің жаңа өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.

– Меморандум аясында кәсіпкерлермен бірлескен жұмыстар жүргізілмек. Шағын индустриялық аймақтарды құру, оған инвесторлар тарту, мұнда жұмыс орындарын ашу, жергілікті қамтуды дамыту жобасын қолдау қажет. Сондай-ақ, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС өндіретін полипропиленді шикізат ретінде пайдалану, өңдеу арқылы жаңа химиялық өнімдер шығару арқылы мұнай-химия саласын одан әрі дамытуға жағдай жасалады, - деді М.Мурзиев.

Облыс әкімінің орынбасары өндіріске қолайлы жағдай жасау үшін сала мамандарын жұмыла жұмыс істеуге шақырды.