Атырауда онсыз да қымбат тамақ бағасына 15% қосылған

Атырауда тиімсіз делдал компаниялар анықталды.
Азық-түлік өнімдерін сатудың барлық делдалдық тізбектерін анықтау мақсатында комиссияның 16 отырысы өтті. Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар сары май, тауық еті және сүт өнімдері делдалдар арқылы дүкендердің соңғы сөрелеріне жеткізілетіні, тауарларға үстеме баға 15% - дан асатыны анықталды. Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков мәлім етті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Азық-түлік өнімдеріне тиімсіз делдалдарды анықтау жөніндегі комиссия отырысына кәсіпкерлер, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, Экономикалық тергеу департаменті, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиында сала мамандары өңір кәсіпкерлері тауар өндірушілермен тікелей келісім-шарт жасасып, үстеме бағаның 15 пайыздан аспауын қадағалау керек екенін атап өтті.
-Мысалы кейбір кәсіпкерлер сары майға 82, 104 % үстеме қосып, супермаркет желілеріне сатқан. Мұндай бұзушылықтар арнайы комиссияның талдамалық жұмысының нәтижесінде анықталды. Аталған кәсіпкерлік субъектісі – делдалмен ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, былтыр қараша-желтоқсан айларында облыста тұз бағасы күрт өскені анықталды. Шетелден және басқа өңірлерден тасымалдауға байланысты логистикалық шығындар есебінен тұз бағасының өсуі 60 теңгеден 76 теңгеге дейін жетті. Алайда, қазіргі уақытта сауда нысандарында айтарлықтай логистикалық шығындарды талап етпейтін жергілікті тұз орта есеппен 47-55 теңгеден сатылып жатыр,- деді Н.Жанабеков.
Кеңес барысында құқық бұзушылық жасаған адамдар бірінші рет ескерту алғаны, қайталанған жағдайларда айыппұл салынатыны атап өтілді. Егер тауарға үстеме баға 15% - дан асатын болса, Қазақстан Республикасы «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабы 2-тармағына сәйкес жауапқа тартылады.
Сондай-ақ, кеңесте облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Әлібек Сарманов кәсіпкерлерді салық төлеуден жалтармауға шақырды. Егер кәсіпкерлер заңда белгіленген тәртіппен тіркелмесе және салық төлемесе, айыппұл төлейді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ