Атырауда магистральдық газ құбыры салынуда

Атырауда «Финская-120 АГТС» және «Редут - Финская-120 АГТС» магистральдық газ құбыры тармағын салу» жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мақсат – Атырау қаласы мен Махамбет ауданы тұрғындарын тұрақты әрі үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз ету, сондай-ақ газ тарату жүйесінің сенімділігі мен өткізу қабілетін арттыру. Облыстық энергетика басқармасынан білгеніміздей, салынатын газ құбырларының жалпы ұзындығы — 46 шақырым. Соның ішінде қазіргі уақытта ұзындығы 25 шақырым болатын ПЭ Ду500 мм және 14 шақырым құрайтын Ду426 мм болат құбырлары төселіп, жер қазу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Еркінқала аумағында тәулігіне 70 мың текше метр газ өткізуге қабілетті газ реттегіш блок пункті орнатылды. Жоба аясында Атырау қаласының оң жағалауында орналасқан Еркінқала, Ракуша, Балауса, Жұмыскер, Өркен, Сарықамыс, Рембаза, Авангард, Алмалы, Береке, Нұрсая, Самал, Жеті Қазына, Жерұйық, Атырау ықшамаудандары мен өндірістік және әлеуметтік бірқатар нысан тұрақты түрде табиғи газбен қамтылатын болады.

Одан бөлек тәулігіне 120 мың текше метр қуаттылықты қамтитын автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) орнатылмақ. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың күзінде аяқтау жоспарланып отыр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ