Атырауда МӘМС бойынша 20-дан астам оңалту қызметі көрсетіледі

Жеке медициналық орталықтар пациенттерге оңалту қызметтерін алу үшін клиниканы өз бетінше таңдау құқығын беруді ұсынды. Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы адами капиталды дамыту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында МӘМС жүйесі бойынша төсек-орындарды қысқарту мәселесі қаралды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мәліметінше, кәсіпкерлер бұрын ақылы төсек-орындардың саны жыл сайын артқан болса, биыл бұл қызметтердің тиісті деңгейде ұсынылғанына қарамастан жартысына жуығы қысқартылғанын айтады.

- Біз бұл салада бірінші рет жұмыс жасап жатқан жоқпыз. Тәжірибе мен клиенттік база бар. Соңғы бірнеше жылда орталығымыздағы төсек-орын санын көбейттік. Себебі сұраныс бар, пациенттеріміздің көңілінен шығып отырмыз. Бірақ биыл төсек-орындардың саны 30-дан 15-ке дейін қысқартылды. Кезектегі пациент көп, алайда олар енді медициналық қызметті тегін ала алмайды, - деді жеке клиникалардың бірінің өкілі Насиба Юнусова.

“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ Атырау облысындағы филиалының басшысы мұндай шектеуді пациенттердің оңалуына көмектесетін орталықтардың санының артқанымен байланыстырады. Яғни, бұл жеке орталықтардың арасында бәсекелестіктің артып, медициналық көмектің сапасының жақсаруына ықпал етпек.

- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Атыраудағы филиалы арқылы 93 мекеме жұмыс істейді. Оның 30-ы мемлекеттік медициналық ұйым болса, қалғаны жеке меншікте. Үлкен бәсекелестік бар екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, көбісі бірнеше медициналық ем-дом көрсетуге дайын. Мысалы, бүгінде өңірде 20-дан астам медициналық мекеме оңалтумен айналысады. Олардың бұл жұмысына қор тарапынан 1,8 млрд. теңге қарастырылған, - деді Ғайнет Сәлімғали.

Айтылған мәселені шешу үшін жеке медициналық орталықтардың өкілдері төсек-орындарды ұсынудың қолданыстағы әдістемесін жоюды және басқа нұсқаны қарастырған жөн деп санайды. Атап айтқанда, клиника өкілдері тұрғындарға қордың веб-сайтындағы қалаған медициналық орталықты таңдауына мүмкіндік жасалса екен деген пікір айтты.

Сәуле МАҒАУ