Атырауда кәсіпкерлерден қайтарымсыз грантқа өтініш қабылдау басталды

Әлеуметтік субъектілер тізіміне енгізілген және “Бір ауыл – бір өнім” жобасының финалистеріне қайтарымсыз грантқа өтінім беру 10-14 қараша аралығында қабылданады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

– Мемлекеттік қайтарымсыз грантқа өтінімдер “Kezekte.kz” сайтында қабылданады. Кәсіпкерлер өтінішпен қатар құжаттар топтамасын да тапсыруы қажет,- деді облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Перизат Таңатова.

2024 жылы осы қолдаудың арқасында құны 106 млн теңгені құрайтын 16 кәсіпкерлік субъектісі қолдау тапқан. Солардың бірі – “Тәтті Мед” медициналық кабинетінің басшысы, кәсіпкер Тәттігүл Әбілова. Ол мемлекеттен 5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, балаларға арналған фототерапиялық құрылғы сатып алған.

– Грант арқылы балалардағы сарыауруды емдеуге арналған 5 фотолампа алдым. Бүгінге дейін 500-ге жуық бала ем қабылдады. Бұл жоба арқылы балаларды емдеп қана қоймай, аналарды қолдауға мүмкіндік алып отырмын,- деді Т.Әбілова.

Айта кетейік, қазіргі уақытта өңірде әлеуметтік субъектілер тізіміне енген 72 кәсіпкер бар.