Атырау қаласында тұрғын үй құрылысы жанданып, өндірістік орындар салынып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі «Хабар-24»-ке сілтеме жасап.
Құрылыс компаниялары қажетті материалдарды алыстан іздеп әуреге түспейді. Көбін жергілікті кәсіпкерлер өндіреді. Мысалы, құрғақ қоспа дайындайтын «Алькор-С» зауытының өніміне сұраныс жоғары. Бұдан бөлек көрші облыстардан тапсырыс берушілер бар. Құрылыс материалымен аудандарды да қамтып отыр. Бұл зауыт 2015 жылдан бері құрылысқа қажетті құрғақ қоспаларды өндіріп келеді. Кәсіпорын нарықты сапалы тауарлармен қамтып қана қоймай, жергілікті тұрғындарға да жұмыс беріп отыр. Қазір мұнда 15 адам еңбек етеді. Шикізат ретінде отандық өнімдер қолданылады.
- Үйдің ішкі жұмыстарына материалдар шығарамыз. Бұлар кафель желімі, «наливной пол», «гипс-штукатурка» секілді күнделікті материалдар. Мұнда 10 түрлі позиция шығады. Атырауда жұмыс қарқынды жүріп келе жатыр. Өнімдерімізге сұраныс жоғары, - дейді «Алькор-С» ЖШС сауда бөлімінің меңгерушісі Саясат Дүйсенбеков.
Мұнда топырақ 300 градуста қыздырылады. Кейін сүзгілерден өтіп тазарады. Одан кейін құрылғылардың көмегімен қажетті қоспаларды әзірлейді. Дайын өнім қоймаға жөнелтіліп, сол жерден тапсырыс берушіге жеткізіледі. Мұнда күніне шамамен 60-70 тонна өнім дайындалады.
- Өндірістен шыққан арнайы өнім қоймаға келіп жинақталады. Тапсырыс берушілерге осы қоймадан жөнелтіп отырамыз. Сондай-ақ базарда сауда нүктелері бар. Оларға да жіберіп отырамыз, - дейді «Алькор-С» ЖШС қойма меңгерушісі Тілек Дүйсәлиев.
«Басер» брендімен шығатын өнімнің сапасы шетелдік тауарлардан кем түспейді. Әрі бағасы да қолжетімді. Енді кәсіп иесі зауытты кеңейтіп, өзге өңірлерден де тапсырыс қабылдауды жоспарлап отыр.