Атырауда бюджеттік инвестициялық ұсыныстарды қарау орталығы жұмысын бастады

Атырау облысында бюджеттік инвестициялық жобалардың тиімділігін арттыру мақсатында «Бюджеттік инвестициялық ұсыныстарды қарау жөніндегі орталық» КММ құрылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық Экономика және қаржы басқармасының құрамында жұмыс істейтін мекеме аймақтағы құрылыс, сәулет, жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен табиғатты пайдалану салаларындағы инвестициялық ұсыныстарды қарау, талдау және бағалаумен айналысады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мұнда жобалық-сметалық құжат, техникалық талдау және сараптама, экономикалық талдау және мониторингілеу, құқықтық сүйемелдеу және әкімшілік қолдау бөлімдері жұмыс істейді.

Орталықтың басшысы болып Нұрлыбек Сақпаров тағайындалды.

Ол 1966 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Білімі жоғары, инженер-құрылысшы. Еңбек жолын 1987 жылы Гурьев облыстық мемлекеттік банкінде бастаған. Кейін банк, сақтандыру және энергетика салаларында басшылық қызметтер атқарып, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі директорының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. 2009–2014 жылдары жеке құрылыс компанияларында жұмыс істеді. 2015 жылдан бері Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасында бас маман және бөлім басшысы қызметтерін атқарған.