Жәрмеңке «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен өтті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Шараға облыстағы 50 мекеме қатысып, 600-ге жуық ваканттық жұмыс орнын ұсынды. Оның ішінде «Атырау жылу электр орталығы» АҚ, «Атырау-Жарық» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС, «NCOC» ЖШС, «Стамгазстрой», «Orion Group KZ», «КазТурбоРемонт», «АтырауНефтеМаш», «GPS Investment», «Силлено», «КPI», «Атырау мұнай өндеу зауыты», «Атырау жылу жүйелері», «Спецавтобаза», «Шлюмберже», «Карат», «Ақжайық Автопарк», «Атырау Автопарк», «Infinity Mall», «Идеал Трейд Маркет», «Эйр Энерджи Каспиан», «WOOD KSS» және басқа да компаниялар бар.
Ұсынылған мамандықтар: көлік жүргізуші, экономист, фельдшер, инженер, аспаз, даяршы, менеджер, бухалтер, заңгер, электрик, электромонтер, тас қалаушы, сылақшы, тазалаушы, дәнекерлеуші, сатушы-кеңесші, инженер-электрик, бақылау-өлшеу аспаптары инженері, техника қауіпсіздігі инженері, жобалау инженері, инженер-конструктор, супервайзер, құрылыс менеджері, экономист, т.б.
-Тұрғындардың қатысу белсенділігі жоғары, бүгін 500-ден аса адам келді. Мақсат – халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Мекемелер жұмысқа қабылдаған жағдайда басқармаға ескертеді. Сондай-ақ бүгін алимент өтемеген борышкерлер, жазасын өтеу орындарынан босап шыққан, пробациялық есебінде тұрған азаматтар қатысып отыр, - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов.
Айта кетейік, жәрмеңкеге қатысушыларға мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары туралы ақпараттар берілді. Олар: «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас жобасы».