Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған бренд-комитеттің шешімімен жергілікті төрт кәсіпкер финалға жолдама алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
23 тамызда өткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының алғашқы кезеңіне 33 тауар өндіруші қатысты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Олар азық-түлік, консервіленген өнімдер мен жартылай фабрикаттар және ұлттық киім, тоқыма сондай-ақ, құрылыс материалдарын ұсынды. Нәтижесінде 10 кәсіпкер жартылай финалға жолдама алды.
Кейін жартылай финалистер өз өнімін жеке таныстырды. Үміткерлер өндіріс принциптерімен, болашақ жоспарларымен бөлісіп, мәселелерін көтерді.
- Финалистерді іріктеу кезеңінде " Бір ауыл-бір өнім " жобасының критерийлеріне назар аудардық. Талап бойынша өнім немесе тауар жергілікті шикізаттан өндірілуі тиіс. Оны жасау кезінде айтарлықтай қаржылық шығындарды қажет етпейтін қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылуы керек. Сырттан әкелінген материалдарды аксессуар немесе қосымша ретінде пайдалануға рұқсат етіледі. Жеңімпаздарды таңдау оңай болған жоқ, өйткені барлық қатысушылар өз өнімінің артықшылықтарын көрсетуге тырысты, - деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев.
Анықтама үшін айта кетейік, финалға ағаш бұйымдарын жасаумен айналысатын "Нұрриза" ЖК басшысы Нұрлыбек Бисенбаев, сүйек сорпасын өндіретін "BC Wellness" ЖК басшысы Жанар Әжіғалиева, сүт өнімдерін өндіретін "Milky House" ЖК басшысы Галина Сардарова, киізден жасалған бұйымдармен "Дасаева" ЖК басшысы Дина Дасаева жолдама алды.
Жоба жеңімпаздарына маркетингтік қолдау, өнімді брендтеуге, сертификаттауға және тауарды экспортқа шығару үшін көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, жоба сертификаты мемлекеттік грантқа ие болуға мүмкіндік береді.