Өңірде автомобиль жолдарын күтіп ұстау және қыс мезгіліне дайындау үшін қорға 123 арнайы техника, 761 тонна жанар-жағармай, 1500 тонна инерттік материал жинақталуда. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Нұралы Әбишан мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Бізде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмысы арнайы мердігер мекемелерге тапсырылған Қазір жолдарды қыс мезгіліне дайындау үшін облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында жиектегі шөптерді шабу, шұңқырларды жөндеу мен жол белгілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде, - деді Н.Әбишан.
Ауа-райының қолайсыздығына байланысты облыстық және аудандық маңызы бар, қала және елді мекендердегі автомобиль жолдарында қозғалыстың шектелуі кезінде өзара іс-қимыл бойынша тиісті мекемелермен жол картасы жасақталып, бекітілген.
Айта кетейік, Атырау облысындағы тас жолдың жалпы ұзындығы 6500 шақырымды құрайды . Оның ішінде 1125 шақырымы республикалық маңызға ие. Ал облыстық және аудандық маңызы бар жол 1911 км болады. Қалғаны қалалық және ауыл ішілік жол болып есептеледі.