Атырауда 90 мың адам өз кірісін жария етті

Жоспар бойынша Атырау қаласында 103 668 адам декларация тапсыруы қажет, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны 90 473 кәсіпкер мен олардың жұбайы тапсырды, бұл 3-кезең декларанттары санының 90%-ға жуығын құрайды. Бұл туралы Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аманов Айбол баспасөз брифингінде мәлімдеді. Оның айтуынша, декларация тапсырмағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

- Алғашында ескерту беріледі, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 51 750 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ толық емес, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, ал ол бір жыл ішінде қайталанатын болса – 10 350 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 272-бабы) төлеуі тиіс, - деді ол.

Анықтама үшін: келер жылы 1 қаңтарда басталатын төртінші кезеңде азаматтардың қалған санаттарын, соның ішінде жеке құрылымдардың қызметкерлерін, үй шаруасындағы әйелдерді, зейнеткерлер мен студенттерді қамту жоспарлануда, бұл қала бойынша 419 363 адамды құрайды.

Сәуле МАҒАУ