Атырауда 1400-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды

Өңірде «Бизнеске жол» жобасы аясында 1400-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасын және бизнесті қорғау мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткен жылдан бастап «Бизнеске жол» жобасын іске қосты. Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім ектендей, аймақта жоба басталғаннан бері 1396 кәсіпкердің құқығы қалпына келтіріліп, жалпы сомасы 554 миллион теңгеден астам берешек өтелді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин баспасөз брифингінде мәлім етті. 

- Жоба кәсіпкерлердің нақты мәселелерін шешуге бағытталған. Шешілген мәселелердің нәтижесі бойынша 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Біз бизнес саласының мамандарымен күнделікті кездесулер өткіземіз және олардың қалыпты жұмыс істеуіне ненің және кімнің кедергі келтіретінін анықтаймыз, - деді Н.Жахин.

Сонымен қатар департамент «Атырау облысы Су Арнасы» мекемесі және облыстық денсаулық сақтау басқармасының 13 ведомстволық бағынысты медициналық ұйымы тарапынан тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде кәсіпкерлерге берешек сомаларын қайтармау фактілерін анықтады. Осыған байланысты қажетті шаралар қолданылып, аталған ұйымдар тарапынан 158 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 444 млн 228 мың 688,78 теңге төленді.

Сәуле МАҒАУ