Атырау облысының 2026 жылғы бюджет кірісі 1,1 трлн теңгеге жетеді

Атырауда облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, онда 2026–2028 жылдарға арналған облыс бюджеті таныстырылды. Жоба туралы Атырау облысы экономика және қаржы басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиева баяндады, деп хабарлайды AtyrauPress.

Ол өз сөзінде 2026 жылы облыс бюджетінің кірісі (трансферттерсіз) 1 трлн 145,4 млрд теңгені құрайтынын айтты. Бұл — биылмен салыстырғанда 268 млрд теңгеге артық, яғни өсім 30% шамасында.

«2026 жылдың кіріс болжамы экономикалық белсенділік пен салық түсімдерінің тұрақты өсіміне негізделіп отыр. Болжамды Бюджет кодексіне, түсімдерді жоспарлау әдістемесіне және облыстың макроэкономикалық көрсеткіштеріне сүйене отырып жасадық», — деді ол.

Оның айтуынша, 2027 жылы кіріс — 1 162,6, ал 2028 жылы — 1 169,5 млрд теңге деңгейінде болады.

Әжіғалиева алдағы үш жылдық бюджетте түсімдердің реалистік болжамын ұстану басты мақсат екенін атап өтті.