Атырау облысында 9 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр

Атырау облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту аясында 9 вокзалға ауқымды реконструкция жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 6 вокзалды биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Жаңғырту жұмыстарының бірі – Атырау қаласындағы теміржол вокзалы. 1972 жылы салынған бұл ғимарат ұзақ жылдар бойы өңір тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді. Вокзал ғимаратының жалпы аумағы 3744,8 шаршы метрді құрайды.

Реконструкция жұмыстары тек облыс орталығымен шектелмейді. Қазіргі таңда Мақат, Жамансор және Мұқыр елді мекендеріндегі вокзалдарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Исатай, Доссор, Аққыстау, Сағыз және Құрманғазы ауылдарында ескі ғимараттардың орнына жаңа вокзалдар салынуда.

Жаңғырту барысында вокзалдардың қасбеттері жаңартылып, инженерлік және санитарлық желілер ауыстырылуда, сондай-ақ жаңа жарықтандыру және навигация жүйелері орнатылуда.

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Вокзал ғимараттарында пандустар, заманауи санитарлық тораптар, ана мен бала бөлмелері және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған демалыс аймақтары қарастырылған. Алдағы уақытта көтергіш платформалар орнатылып, вокзалдар қосымша инфрақұрылыммен жабдықталмақ.

Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлімінің басшысы Данияр Ғарифулланың айтуынша, Атырау вокзалындағы орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 1300 адамды құрайды.

— 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы облыс әкімдігімен бірлесіп өңірдегі 9 вокзалды жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Биыл бірінші жартыжылдықта Сағыз, Мақат, Доссор, Аққыстау, Исатай және Ганюшкино вокзалдарын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған нысандар жыл соңына дейін іске қосылады, — деді Д.Ғарифулла.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыста «Қазақстан Темір Жолы» АҚ теңгерімінде 16 теміржол вокзалы бар. Олардың басым бөлігі соңғы рет 2004 жылы, ал Атырау вокзалы 2015 жылы күрделі жөндеуден өткен. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң вокзалдар тек көлік нысаны ғана емес, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартымды орындарға айналмақ.