2025 жылы жүзеге асқан индустриялық жобалардың қатарында Атырау облысынан бірнеше маңызды өндіріс нысаны атауға болады. Бұл жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Атырау облысында машина жасау саласында «ТексолТранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске қосылды. Кәсіпорынның инвестиция көлемі 30,8 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында 180 жаңа жұмыс орны ашылды. Зауыт жылына 2 160 жартылай вагон, 885 платформа, 165 жабық вагон және 900 цистерна шығаруға қауқарлы. Бұл өндіріс теміржол саласындағы отандық өнім үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ өңірде жеңіл өнеркәсіп бағытында «Гранд Материк» ЖШС жұмысын бастады. Кәсіпорын полиэтилен қаптарын өндіреді. Жылдық қуаты – 200 мың дана, инвестиция көлемі 10 млрд теңге. Жоба аясында 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Аталған өндірістердің іске қосылуы Атырау облысында өнеркәсіп саласының дамуына серпін беріп, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға оң ықпал етті.