Атырау бекіре балық өсіру зауыты – Каспийдің биоресурстарын қалпына келтірудегі басты орталықтардың бірі. 1998 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан өндіріс орны алғаш рет толық көлемде реконструкциядан өтуде. Бұл ауқымды жаңғырту жұмыстары NCOC (North Caspian Operating Company) компаниясының қолдауымен жүзеге асуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бекіре балығын сақтау – Каспий экожүйесінің болашағы
Бекіре – Жайық–Каспий бассейнінің ең көне және ең құнды балық түрлерінің бірі. Әлемдегі бекіре популяциясының 90%-ы Каспий теңізінде тіршілік етеді. Бекіре балықтары уылдырық шашу үшін өзенге көтерілетін ерекше миграциялық түр, табиғатта жетілу мерзімі баяу, яғни, 15–20 жылда уақытты қажет ететін, тұқым таратуы күрделі, сирек кездесетін биологиялық ресурс болып табылады. Соңғы жылдары Жайық өзенінде өзен арнасының тайыздануы, өзеннің ластануы, табиғи уылдырық шашатын аймақтардың азаюы, браконьерлік, экологиялық өзгерістер сияқты факторлар бекіре санының күрт төмендеуіне әкелді. Осыған байланысты бекірені қолдан көбейту – экожүйені сақтап қалудың жалғыз тиімді жолы болып отыр.
Бекіре – тек биологиялық емес, мәдени және экономикалық тұрғыдан да маңызды. Бұл түр Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енген және халықаралық деңгейде жойылып кету қаупі жоғары деп танылған. Сондықтан оның популяциясын жаңарту – мемлекеттің стратегиялық міндеті.
Балық өсіру тәсілін өзгертетін реконструкция
Зауыт жылына 5 миллионға жуық шабақты Жайық өзеніне жібереді. Жаңа технологиялар енгізілгеннен кейін бұл көрсеткішті арттыру мүмкіндігі туындайды.
Бұған дейін қолданылып келген бекіре тұқымдас балықтарды қолдан көбейтуге арналған биотехникалық жүйе уылдырық шашуға көтерілетін өндіруші балықтарды бір реттік пайдалануға негізделген еді.
Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты, яғни бекіре тұқымдастардың табиғи қорының күрт азаюына орай, аналық табынын жедел қалыптастыру қажеттілігі айтарлықтай артты. Осы мақсатта NCOC компаниясының қолдауымен қолданыстағы өндірістік учаскелерді жаңғырту және реконструкциялау, сондай-ақ бекіре балықтарын өсіру мен ұстаудың жаңа биотехнологияларын енгізу бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Бекіре балық өсіру зауытның бас балық өсіруші Жұпар Өтеулиеваның айтуынша, жасанды тоғандар балықтың өсуін бірнеше есе жеделдетеді.
«Қыстық тоғандар балықты қыс мезгілінде табиғи ортаға ұқсас жағдайларда ұстауға мүмкіндік береді. Мұндай жағдай бекіре тұқымдас балықтардың жыныстық өнімдерінің толық жетілуіне ықпал етеді. Нәтижесінде сапалы шабақ алуға қолайлы мүмкіндік туады» дейді ол.

Тұңғыш рет кешенді реконструкция
Бекіре балық өсіру зауытында NCOC қолдауымен жүзеге асқан жұмыстар мынадай.
Ең алдымен, балықтарды қыс мезгілінде ұстауға арналған әрқайсысы 0,2 га болатын, бөлу бөгеті бар 2 жаңа қыстық тоған салынды. Тоған түбі цементтеліп, арнайы төсемелер төселді. Осылайша, топырақ араласу және лайлану қаупі толық жойылды. Екіншіден, тоғандарды сумен қамтамасыз ететін №1 су алу станциясының ұзындығын ұлғайтылып, сорғы станциясын жөндеу арқылы су беру жүйесі толық жаңартылды. Үшіншіден, бекіре тұқымдас балықтарды ұстап-күтуге арналған Куринский шарбағы күрделі жөндеуден өтті. Төртіншіден, қыстық тоғандардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін Қарауыл үйі қайта салынды. Бұл өзгерістер жұмыс процестерін қауіпсіз, тұрақты және тиімді етеді.


Шыны керек, бұрын қысқы кезеңде суды толықтай айдау мүмкін болмай, балық жинау қиындайтын. Атқарылған ауқымды жұмыстар нәтижесінде, енді су деңгейі арнайы басқару тетігі арқылы реттеледі.


Өндірістік цех меңгерушісі Нұрболат Сұпығалиевтың айтуынша, зауыт ашылғаннан бері мұндай ауқымды көлемдегі реконструкция алғаш рет жасалып отыр.
«Алдағы жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде балық өсірудің жаңа технологиялары енгізіліп, бұл өндіріс процесін айтарлықтай жеңілдетіп, өсірілген балықтың сапасын арттыруы тиіс. Қазіргі заманғы жабдықтар (УЗВ) бекіре тұқымдас балықтардың жетілу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді: табиғи ортада ондаған жылды талап ететін процесс енді, бірнеше жылға дейін қысқарады және бұл жағдай толық бақылауда болады» дейді ол.

Атырау бекіре өсіру зауытын қолдаумен қатар, NCOC компаниясы бекіре популяциясын сақтау мақсатында бекіре тұқымдас балық шабақтарын жіберу жобасын жүзеге асырып келеді. Биыл компания зауытта қолдан өсірілген 82,5 мың дана бекіре шабағын су айдындарына жіберді. 2017 жылы басталған осы бастама аясында бүгінде табиғи ортаға жалпы 1,2 миллион дана бекіре шабағы жіберілді.
NCOC компаниясы Каспий экожүйесінің тағы бір сирек түрі – Каспий итбалығын қорғау бойынша да кең ауқымды жұмыстар атқаруда. Бұл бастамалар компанияның аймақ экологиясын жүйелі қорғауды ерекше назарда ұстайтынын көрсетеді.
Экологияны қорғау – ортақ жауапкершілік
162 маман еңбек ететін Атырау бекіре балық өсіру зауытының реконструкциясы – зауыттың өндірістік мүмкіндіктерін айтарлықтай нығайтты. NCOC компаниясының қолдауы арқасында мұнда сирек кездесетін түрлерді сақтау ғана емес, балықтар санының біртіндеп қалпына келтірілуіне мүмкіндік беретін жағдайлар жасалып отыр.

Бекіре тұқымдас балықтар мен Каспий итбалықтарын сақтау – өңірдің экологиялық болашағына және Каспий теңізінің биологиялық тепе-теңдігін нығайтуға маңызды үлес болып табылады.