АҚКӨЛДЕ АУЫЛІШІЛІК ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАЛҒАСУДА

Ауданда тоқсан сайын өтетін әкімдердің халық алдында есеп беру жиыны басталған болатын.
Онда өткен жылдағы атқарылған жұмыстар легі мен алға қойған мақсат-міндеттер таныстырылып, тұрғындардың талап-тілегі тыңдалады, - деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сейсенбіде аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы Ақкөл ауылдық округі әкімінің есебіне қатысып, тұрғындармен кездесті.
Ауыл әкімі Әлімбай Әбдірахман бір жылда атқарылған жұмыстар легіне тоқталып, алдағы жоспарын да баяндады.
Сонымен қатар кездесуде тұрғындарды толғандырған мәселелер кеңінен талқыланып, елді мекендерді дамыту мақсатында атқарылатын жұмыстар сараланды.
Округтің негізгі кәсібі – темір жол саласы болып табылады. Ауылда 9 темір жол мекемесі орналасқан.
Өз сөзінде округ әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, үстіміздегі жылы жасалатын жоспарларды да тілге тиек етті. Өткен кездесуде округтің бірқатар өзекті мәселелері айтылған болатын, соның ішінде, Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Құлес ауылындағы көшеге шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңы салынып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген.
Сонымен қатар, жоспарда Ақкөл ауылындағы ауылішілік электр желілері жаңартылып, 40 шақырым электр желілері ауыстырылады деп күтілуде.Алдағы уақытта жоба бойынша 469 дана жарық шамдары және 585 соқалар барлық көшеге орнатылады деп жоспарлануда.
Одан өзге ауыл әкімі Ақкөлге ауылішілік жол салу жұмыстары бойынша «Бекет Сәт Жол» мердігер мекемесі 10 шақырым автомобиль, 8 шақырым жаяу жүргіншілер жолын жаңадан салу жұмыстарын бастағанын, өткен жылы саз төселіп және жаяу жүргіншілер жолының жері дайындалып, бордюрі салынып, биылғы жылы жұмыстар аяқталады деп жоспарланғанын хабарлап өтті.
Сондай-ақ, жиында бұл ауылға қарасты атқарылар жұмыстар да талқыланды. Атап айтсақ, Ақкөл ауылына 600 орындық жаңа мектеп құрылысын салу жоспарлануда. Қазіргі таңда орны белгіленіп, бұл жұмысты жүргізетін мердігер мекеме де анықталған.
Округ әкімінің жұмысынан хабардар болған ауыл тұрғындары жарыс сөзге шығып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Ауыл азаматтары ескі ғимараттардың мақсатты пайдаланылуын, не болмаса мемлекетке қайтарып алуға күш салу мəселесін көтерді.
Сондай-ақ, ауылдарда иесіз ит-мысықтың көбейіп кеткенін айта келіп, шарасын алуды сұрады. Одан кейінгі кезекте ауыл ақсақалдары жарықтандыру мен жолдарды сапалы салу мəселесін көтерді.
Тұрғындардың өтініш-тілек, арыз-шағымдарын мұқият тыңдаған аудан əкімі Марат Мурзиев бірқатарын орнында шешіп, кейбіреулерін назарға алып, болашақтың еншісіне қойды.
Сонымен қатар, аудан басшысы Ақкөл ауылдық округі бойынша ағымдағы жылда жоспарланған жұмыстарға да тоқталып өтті.
Жиын соңында аудан әкімі арнайы қатысып отырған мекеме басшыларына, округ әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.