Ақшаны ауаға шашқан кәсіпкерлерден 20 млн теңге өндірілмек

Мемлекет қаржысын мақсатсыз пайдаланған кәсіпкерлерден 20 миллион теңгеге жуық қаржы өндірілмек, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, мемлекеттік қайтарымсыз грант алған бизнес иелеріне мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде 13 кәсіпкерге жалпы сомасы 20 млн теңгеге жуық ақшаны бюджетке қайтару жөнінде сот шешімі шықты. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Сәттіғұл Сабыров мәлім етті. 

Оның айтуынша, мониторинг барысында іске аспаған бизнес-жобалар және грант қаражатын мақсатсыз жұмсап, оны қолма-қол пайдалану факторлары анықталған.

- Жұмыс нәтижесінде талаптарды орындамаған 21 кәсіпкерлік субьектісіне қаражатты бюджетке қайтару бойынша сотқа талап-арыз жолданды. Бүгінде оның 13-не сот шешімі шықты. Айта кетейік, қайтарымсыз гранттар «Даму» қоры арқылы берілген,- деді С.Сабыров.

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ