АЭС салу – саяси емес, экономикалық қажеттілік

Атом электр станциясы энергия тапшылығын жоя ма? Оны салған соң электр энергиясының бағасы арзандай ма? Бұл қоршаған ортаға қаншалықты қауіпсіз? Міне, біз осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрдік, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Еліміздің Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановтың ойынша, АЭС құрылысы кешікпей қолға алынатын болса, алда болжанып отырған энергия тапшылығына қатысты мәселені шешуге мүмкіндік туады.

- Соңғы уақытта елімізде электр энергиясының тапшылығына қатысты мәселе күрделеніп барады, - дейді ол. – Біз қазір 100 млрд теңгенің үстінде өзге елдерден энергия сатып алып отырмыз. Ал, оны тұтыну қарқыны жыл сайын 3 пайызға артып келе жатыр. Бұлай жалғаса берсе, 10 жылда энергия қуатының тапшылығы 30 пайызға жетіп жығылатын болады. Бұл мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне үлкен қауіп төндіріп тұр деп ойлаймын. 

Екіншіден, электр энергиясын өндіру станцияларының 70 пайызы көмірмен жасайды. Оның 70 пайыздан астамы әбден тозып біткен. Бұл қоршаған ортаға зор зиян тигізуде. Ал, еліміз жасасқан халықаралық шарттарға көз жүгіртсек, онда «көмір пайдаланатын станциялар 2060 жылдан кейін мүлде болмауы керек» делінген. Ендеше, осы айтылған мәселелерді шешу үшін де АЭС салу қажеттігі туындап отыр.

Қазір әлем бойынша 415 ядролық реактор жұмыс жасап тұр. Тағы 60 реакторыдң құрылысы жүріп жатыр. Ең көбі АҚШ-та 94, Францияда 56, Қытайда 56, Ресейде 36, Оңтүстік Кореяда 26, Жапонияда 12 және сол секілді. Олардың жұмыс жасау мерзімі 60, тіпті, 100 жылға дейін жетеді.

Бүгінде елімізде екі ірі ғылыми орталық бар. Оның бірі – Курчатов қаласында орналасқан Ұлттық ядролық орталық болса, екіншісі – Алматы қаласындағы Ядролық физикалық институт. Осы орталықтар мен «Қазатомөнеркәсіп» секілді компанияларды қоса алғанда, барлығы 15 мыңнан аса сала мамандары жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, ядролық энергия, физикалық энергия, ядролық физика және атом энергиясы мамандықтары бойынша 253 адам жоғары білім алуда. 

Одан басқа, расталған уран қоры бойынша Қазақстан әлемде екінші орын алады. Ал, оны бүгінде бүкіл әлемдік нарыққа шығарып сату бойынша бірінші орынды бермей келеміз. Демек, АЭС салынған кезде энергия бағасы едәуір тұрақталады және қолжетімді болады деп ойлаймын.  

Рас, әлемде атом электр энергиясы қолданыла бастағалы бірнеше апаттар орын алған болатын. Бірақ, халықаралық сала мамандарының айтуынша, қазіргі станцияларды бұрынғылармен салыстыруға мүлде келмейді. Олар табиғатқа да, адамдар мен басқа да тіршілік иелеріне қауіпсіз. Заманауи станциялардың құрылыс құнының 40 пайызы қауіпсіздік жүйелеріне жұмсалады.

Сондықтан да, егер болашағымыз бен Тәуелсіздігіміз үішн алаңдайтын болсақ, мәңгілік елге айналғымыз келсе, АЭС салған дұрыс деп санаймын. Күндердің күнінде «қара алтын» мұнайымыз бен көгілдір газымыз да сарқылып бітеді. Сол кезде келешегіміз не болмақ? Ендеше, мемлекетіміздің АЭС салатын мүмкіндігі барда шұғыл шешім қабылдау қажет.

Ал, Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық филиалының төрайымы Балжан Досмұхамбетова АЭС салу арқылы алдағы коммуналдық сипаттағы апаттардың алдын алуға болады. 

– Соңғы кезде өзіңіз де байқап жүрген боларсыз, жылу электр станцияларының апатты істен шығуы жиі орын алуда, - дейді ол. – Бұған себеп – құрылғылардың әбден тозуы және электр энергиясының тапшылығы. Мұндай жағдай бүгінде еліміздің қай өңірінде де болып жатыр. Мойындаймын, күн және жел энергиясының да пайдасы көп. Бірақ, олар біздің контиентті климатымыздан туындап отырған талаптарға толықтай жауап бере алмайды. Ақыр аяғында мемлекетіміз электр қуатын импорттауға мәжбүр болып отыр. Сөйтіп, көрші елдерге тәуелді болып қалуда. Бұл қуанатын жайт емес.

2023 жылы елімізде электр энергиясын импорттау 29 пайызға артып, сағатына 4,7 миллиард кВт құрады. Сатып алу құны 235,9 миллион долларға өсіп, екі-үш есеге артты. Қазір мемлекетіміз Ресей мен Қырғызстаннан электр қуатын алып, қамсыз тұтынып отыр. Ақыры, электр энергиясының бағасы орташа алғанда 20 пайызға өсіп, тұрғындарға қаржылық қиындықтар туғызып жатыр. 

Егер қазірден энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз ел болып алсақ, бұл одан әрі мемлекетіміздің тұрақты дамуына, яғни, ілгері қадам басуына алып келеді. Ертең АЭС салып алсақ, тек ішкі электр энергиясының тапшылығын жойып қана қоймай, сонымен бірге, артық қалған қуатты көрші елдерге экспорттауға да мүмкіндік аламыз. Бұл дегеніңіз керемет мүмкіндік қой! Мамандардың болжамына сүйенер болсақ, 2030 жылға қарай Қазақстанынң барлық аймақтары 2,7 ГВт-ға дейін электр энергиясының базалық қуат тапшылығын сезінуі мүмкін. Ал, АЭС бұл қауіптің алдын алады. Өйткені, ол елімізді тұрақты және үздіксіз электр энергиясымен қамтуға жол ашады.  

Атомдық технологияны өндіріс, медицина, ауыл шаруашылығы, тіпті, азық-түлік өнімдерін өңдеу бағытында да қолдануға болады. Мұның бәрі Қазақстанда инновациялық және ғылыми-техникалық үрдісті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Түптеп келгенде, бұл біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң септгін тигізеді. Ол жүз емес, мыңдаған жұмыс орнын ашады. Осылайша, еліміздің технолоигялық әлеуеті артады. Осыған дейінгі жетістіктердің көбісі гуманитарлық бағытта болып жатса, енді технологияға да кезек келеді.

Сондай-ақ, бізде ядролық энергетика мен физика саласының мамандарын даярлауға арналған инфрақұрылым о бастан жолға қойылған. Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталық базасында жұмыс жасайтын реакторлар бар. Сол жерде жаңа маман даярлап, оларды іс-тәжірибеден өткізуге әбден болады. Сондықтан бұл бағытта ешқандай кедергі жоқ деп есептеймін.  

Ал, енді қауіпсіздік мәселесіне келсек, заманауи АЭС адамдарға да, табиғатқа да қауіпсіз. Мұны мен емес, мүйізі қарағайдай әлем ғалымдары айтып отыр. Қазіргі 3 және 3+ буынды реакторларда қауіпсіздік мәселесі өте жақсы жолға қойылған. Тіпті, апат бола қалған жағдайда да, радиоактивті заттардың сыртқа шығып кетпеуіне барлық жағдай қарастырылған. Ал, Чернобыль қаласындағы қайғылы жағдайға келсек, оған кеңес дәуіріндегі ескірген технолоигялар себеп болды. Оларды әлдеқашан бүгінгі уақыт талабына жауап бере алатын құрылғалар ауыстырып қойған. Қазіргі реакторлар сумен салқындатылады. Оларды әлемдік үздік компаниялар ұсынып отыр. Сондықтан адам өмірі мен қоршаған ортаның экологиясы үшін қауіптенудің жөні жоқ. 

Тағы бір қоса кетер жайт, көмірмен жұмыс жасайтын электр станцияларына қарағанда, АЭС анағұрлым экологиялық тұрғыдан тиімді. Себебі, ол ауаға парниктік газ бен басқа да зиянды заттарды бөлмейді. Оның үстіне, қазір климат та қатты өзгеріп жатыр ғой, ауа сапасы да жақсарып жатқан жоқ. Мұндай жағдайда қайта АЭС көмекке келеді деп ойлаймын.  

Атом станциялары арқылы ел экономикасын бір ғасыр бойы тұрақты дамытып отыруға болады. Оны іске қосуға кететін шығын да айтарлықтай көп емес. АЭС салатын заманауи компаниялар оның 60 жыл жсайтынына кепілідк береді. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, мұндай станциялар 80 жыл, тіпіт, одан да ұзақ мерзімге дейін жұмыс жасай алатынын көрсетіп отыр. Станцияның қызмет көсрету мерзімі аяқталған соң, ядролық реакторлар мен раидиоактивті қалдықтар қауіпсіз түрде залалсыздандырылады. Сайып келгенде, бұған ұзақмерзімді инветсиция деп қарау қажет. Қазір қолға алсақ, ертең біз де, бізден кейінгі ұрпақ та көптеген онжылдықтар бойы жемісін көріп отыратын болады.

Қазақстанның 12 қаласында жылу желілерінің жағдайы мүшкіл деңгейге жетті. 2023 жылы жылу электр станцияларының орташа тозуы 73 пайызды құрады, бұл өңірлерді тұрақты энергиямен жабдықтауда қиындық тудырады. Екібастұзда бұл көрсеткіш 91, Павлодарда 83, Степногорск қаласында 82 пайызға жетті. Атбасар, Петропавл, Ақтау және басқа қалалар да желілердің айтарлықтай тозуынан зардап шегуде. Оның 47,2 шақырымын жөндеуге 33 миллиард теңге бөлінді, бірақ бұл уақытша шешім ғана. 

Сарапшылар қазба байлықтары — көмір мен мұнайды энергияның ең қауіпті көзі деп санайды. Қазақстандағы электр энергетикасы генерациясының 77 пайызын құрайтын көмір ЖЭО парниктік газдар мен зиянды заттардың ең көп мөлшерін бөледі. Көмірмен жасайтын электр станцияларына қатысты өлім-жітім деңгейі өндірілген электр энергиясының бірлігіне шаққанда сағатына 24,6-32,7 тераватты құрайды. Салыстырмалы түрде алғанда, атом және жаңартылатын энергия көздері әлдеқайда қауіпсіз. Өйткені, атом энергиясынан туындайтын өлім-жітім көмірге қарағанда 99,8 пайызға аз.

Міне, бұл – біз тілдескен сарапшылардың пікірі. Ендеше, АЭС салу кезек күттірмейтін мәселе екеніне тағы бір көз жеткізгендей болып отырмыз. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ