2025 жылы облыс бюджетіне түсетін кірістің көлемі 774,3 млрд. теңгені құрайды деп болжанып отыр. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті ХІІІ сессиясының отырысында экономика және қаржы басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиева айтты, - деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Келер жылы облыс бюджетінің шығысы 719,7 млрд. теңге көлемінде жоспарланған. Облыс қазынасына түсетін қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалмақ. Олар: білім беру, денсаулық сақтау,мәдениет, спорт, туризм, ақпарат және әлеуметтік қолдау. Сондай-ақ, қорғаныс, құқық қорғау жүйесі, арнайы мемлекеттік органдар, тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды дамыту сынды түрлі салаға қаржы қарастырылып отыр. Жиында өңірде іске асып жатқан жобаларды жалғастыруға және бұл бағытта 2025-2026 жылға жоспарланған жұмысты бастауға бөлінетін қаржы туралы да айтылды. Жүзеге асып жатқан 307 инвестициялық жобаны жалғастыруға және аяқтауға 2025 жылы жергілікті бюджеттен 100,6 млрд., республикалық бюджеттен 44,2 млрд. теңге бөлу жоспарлануда. Мәслихат отырысында депутаттар 2025 - 2027 жылдарға арналған облыстық бюджетін бекітті. Жиынға қатысқан аймақ басшысының орынбасары Жасұлан Бисембиевтың айтуынша, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар басты назарда.
- Осы жылдың бюджетіне қорытынды жасап, келер жылдың бюджетін бекіттік. Бүгінде облыс әкімі жанынан бюджеттік комиссия құрылған. Әр сұранысты барынша зерделеп, оның негіздемесіне назар аударамыз. Осындай жиындардың нәтижесінде сіздердің тараптан айтылған сынға сәйкес, кейбір жұмысты атқару үшін сұралған қаржының көлемі қысқартылады. Сондай-ақ, орындалмай, игерілмей қалу қаупі бар қаражатты әлдеқайда тиімді және сәтті жүзеге асып жатқан жобаларға бөлеміз, - деді Ж.Бисембиев.